28 қаз, 2025 сағат 17:52

Алматыда мәйіттік донор 6 адамның өмірін сақтап қалды

Фото: ҚР ДСМ

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында қайтыс болғаннан кейінгі көп ағзалық донорлық операция сәтті өтті. Донор — 1962 жылы туған әйелдің ағзалары бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Марқұмның туыстары донор болуға келісім бергеннен кейін, бірден бірнеше өмірлік маңызды ағзалар трансплантацияланды:

  • жүрек — 1988 жылы туған науқасқа;

  • бауыр — 1982 жылы туған науқасқа;

  • оң бүйрек — 1996 жылы туған науқасқа;

  • сол бүйрек — 2017 жылдан бері трансплантация кезегінде тұрған 1966 жылғы науқасқа;

  • мөлдір қабық — 1983 және 1956 жылы туған екі адамға қондырылды.

Бұл күрделі процесті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы үйлестірді. Операцияға Алматының жетекші медициналық мекемелері — Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты,
Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы және Орталық қалалық клиникалық аурухана мамандары бірлесе қатысты.

Дәрігерлер донордың жасына қарамастан, оның ағзаларының жақсы жағдайда болғанын және толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Бұл — жастың өмір сыйлауға кедергі еместігін дәлелдейтін мысал.

Республикалық орталық марқұмның отбасына олардың қайырымды және батыл шешімі үшін алғыс білдіріп, сондай-ақ көпсалалы күрделі операцияны жоғары деңгейде жүзеге асырған медицина қызметкерлерінің кәсіби еңбегін ерекше атап өтті.