28 сәу, 2026 сағат 11:55

Инсультті ерте диагностикалауға арналған ЖИ бірқатар өңірде өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге көмектесті

Фото: ашық дереккөз

Елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 50-ден астам AI-агенттер белсенді түрде қалыптасуда. Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында ЖИ-ді медицинада және кәсіпкерлікте енгізу туралы баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.

Атап айтқанда, Cerebra AI жүйесі бірқатар өңірде инсульттан болатын өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, ал бизнесті бастау бойынша Қаржы министрлігімен бірлескен жоба кәсіпкерлерге операциялық шығындарды 2 есеге қысқарта отырып, оңтайлы орындарды таңдауға көмектеседі.

«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI. Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», — деп атап өтті министр.