09 там, 2021 сағат 18:10

Індеттің өршіп тұрған шағында мерекелік шарада бас қосқан жұлдыздар ел назарына түсті (видео)


Алматы мониторинг тобы «Royal Tulip» қонақүй кешені аумағындағы «Black star burger» мейрамханалар желісі өкілдерінің карантинді бұзғанын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Медеу ауданының мониторинг тобы 8 тамызда «Royal Tulip» қонақүй кешенінің аумағында карантин талаптарының бұзылғанын анықтады. Онда «Black star burger» өкілдері мерекелік шара өткізген. Қонақүй кешені мен «Black star burger» өкілдерінен түсініктеме алынды. Материалдар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына берілді», - деп хабарлады Медеу аудандық әкімдігінен. 

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов мониторинг тобының материалдары бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылатынын атап өтті. 

Компанияның Instagram парақшасынан бұл іс-шараға Қазақстанның танымал блогерлері мен әртістері жиналғанын көруге болады. 

Еске салайық, Алматы коронавирустан «қою қызыл» аймақта. Бас сандәрігердің қаулысына сәйкес, қалада көпшілік жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынған.