Фото: Offside.kz
Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында бірқатар спорт нысандарын аралап, олардың жай-күйімен танысты. Ол Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы және спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты көріп шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
1958 жылы салынған Орталық стадионның инфрақұрылымы әбден тозған. Әкім нысанды заман талабына сай жаңғыртуды, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қалпына келтіруді және электронды билет жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл ретте стадион М. Әуезов атындағы театр мен Қазақ циркіне жақын орналасқандықтан, қолжетімділік пен қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады.
Спорт сарайында Дархан Сатыбалды спортшылар мен тұрғындар үшін жаттығуға, жарыстар өткізуге ыңғайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
1935 жылы салынған, 19 олимпиадалық спорт түріне арналған мектеп-интернаттың ескі ғимараты толығымен сүріліп, оның орнына жаңа заманауи кешен бой көтермек. Құрылысты 2025 жылдың күзіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Әкім барлық жобалау және құрылыс жұмыстарының қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, сапалы және жедел жүзеге асырылуын міндеттеді.
