27 сәу, 2026 сағат 13:34

Алматыда жолаушы қызды қорқытқан ер адам іздестірілуде


Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі


Алматыда қоғамдық көлікте ер адамның оғаш әрекеттері түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, қоғам назарын аударды. Қазір бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.


Куәгерлер таратқан бейнежазбада №95 бағыттағы автобуста ер адамның кәмелетке толмаған қыздың қасында тұрып, орынсыз қылықтар танытқаны айтылған. Видеоны жариялағандар бұл жағдай жолаушыны қатты шошытқанын хабарлайды.


Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның нақты қай жерде және қашан болғаны, сондай-ақ күдікті тұлғаның кім екені анықталуда.


«Барлық мән-жай толық тексеріліп жатыр. Тексеру нәтижесіне сәйкес құқық бұзушы заң аясында жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.


Сондай-ақ полиция қоғамдық көліктегі мұндай әрекеттер тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзатынын ескертіп, оған жол берілмейтінін мәлімдеді.