11 нау, 2026 сағат 14:51

Алматыға бір түнде шамамен 27 см қар жауды

Фото: Алматы әкімдігі

10 наурыз күні кешке жауа бастаған қар 11 наурыз күні таңға дейін жалғасты. «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, қалада шамамен 27 см қар түсті, деп хабарлайды Ult.kz.

Қала әкімдігі қар жауа бастаған алғашқы сағаттан бастап коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. 

Қала көшелерінде: 

  • - 75 жедел бригада
    - 2710 жол саласы жұмысшысы
    - 1225 арнайы техника жұмылдырылған.

200-ден астам сыпыру техникасы жолға көктайғаққа қарсы материал сеуіп жүр. Себу жұмыстары аяқталғаннан кейін техника 28 колоннаға біріктіріліп, магистральдық көшелерді тазалауға кіріседі.

Сонымен қатар мына аумақтарда да тазалау жұмыстары жүргізілуде:

  • - тротуарлар
    - қоғамдық көлік аялдамалары
    - жерүсті жүргінші өткелдері
    - баспалдақтар мен пандустар

Синоптиктердің болжамынша, 11 наурыз күні күндіз жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы –6…–8°С шамасында болып, кейін тағы төмендейді.

Қала тұрғындарынан жолда сақ болу және қар тазалайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеу үшін көліктерін көше бойына қоймау сұралады.