08 қар, 2016 сағат 14:54

«Алтай» - премьер-лигада

Қазақстанда футбол маусымы аяқталды. Премьер-лигада «Астана» командасы тағы да еліміздің чемпионы атанды. 

Ал бірінші лигада Қызылорданың «Қайсары» жеңіске жетіп, премьер-лигада он екінші орындағы команданы ауыстырды. Біздің облыстың «Алтайы» екінші орынға шығып, премьер-лигада 11-орында болған «Тараз» командасымен жоғары топқа шығуға жолдама үшін кездесуге мүмкіндік алған. 

Өткен сенбіде Астанада «Тараз» бен «Алтай» сол жолдаманы сарапқа салды. Ойын басынан аяғына дейін шығысқазақстандықтардың басымдығымен өтті. Кездесудің 4-минутында Шакин «Тараз» қақпашысын қапы қалдырды. Бірінші таймның соңында тараздықтар өз ойын алаңында ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін бас төреші ІІ метрлік айып добын белгіледі. Оны Шафф қақпаға дәл соқты. Екінші таймның басында алтайлықтар «Тараз» командасын мүлде тұқыртты. Сөйтіп, 3:0 есебімен ірі жеңіске жеткен жерлестеріміз келесі маусымда ел біріншілігінің ең жоғары лигасында ойнайды. «Алтайды» маусымдағы табысымен құттықтап, алдағы айқастарда да жанкүйердің көңілінен шыға беруіне тілектеспіз. 

Сырт айдындарда сәтті ойнады


Өскеменнің «Торпедосы» өткен аптада сырт айдындарда екі ойын өткізді. Саратовта «Кристалды» 8:1 есебімен ұтқанын хабарлағанбыз. Ал 5-қазанда Пензада «Дизельдің» қабылдауында болды. Мұның алдындағы кездесуінде пензалықтар 2:1 есебімен «Сарыарқаны» ұтқан. Жанкүйерлерде «Торпедо» да жеңіліп қалмас па екен деген күдік болғаны рас. Есепті алдымен айдын иелері ашты. Бірақ бірінші кезеңнің соңына таман Александр Шин есепті теңестірді. Екінші кезеңде Владимир Коротков меймандарды алға шығарды. Есепті теңестіруге тырысқан «Дизель» командасының жаттықтырушылары ойынның соңғы минуттарынде қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастырды. Алайда, одан ештеңе шықпады. Бос қақпаға Максим Юшков үшінші гол соқты. 

Кешегі күнге «Торпедо» 34 ұпаймен турнир кестесінің 8-орнында тұр. Ал соңғы кездесуін Саратовта өткізген «Сарыарқа» (Қарағанды) «Кристалды» 5:0 есебімен ұтып, жарыс көшін бастап келеді. 

Алдағы төрт кездесуін «Торпедо» өз айдынында өткізеді. 10-қарашада өскемендіктер Казанның «Барсын» қабылдайды.


Ж.Әбенов