08 қаз, 2025 сағат 16:42

Алтын рекорд орнатты: инвестиция жасау тиімді ме?

 

Фото: shutterstock


Алтынның әлемдік нарықтағы бағасы биыл бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Сарапшылар бұл құбылысты әлемдік экономикалық тұрақсыздықпен байланыстырады. Қазақстанда да алтынға деген қызығушылық артып келеді. Қарапайым салымшылар үшін бұл қаншалықты тиімді? Ult.kz тілшісі мәселені сарапшылармен бірге талдап көрді.

 

Алтын бағасы 4050 доллардан асты

 

Бүгін Нью-Йорктегі Comex тауар биржасында алтын фьючерстерінің бағасы бір унция үшін 4050 АҚШ долларынан асты. Астана уақытымен сағат 10:15 кезінде алтынның бір унциясы 4052,70 доллар деңгейінде саудаланды. Бұл — тәуліктік өсімнің +0,38% болғанын білдіреді.

 

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері алтынның әлемдік бағасы 50%-ға жуық өсті. Тек соңғы екі айда оның құны 20%-дан жоғары көтерілген.

 

Сарапшылар бұл үрдісті инфляцияға қатысты алаңдаушылықпен, сондай-ақ қарыз деңгейінің артуымен және инвесторлардың қауіпсіз активтерді іздеуімен байланыстырады. Сонымен қатар, бірқатар орталық банктер өз резервтерін әртараптандыру мақсатында алтын сатып алуға ден қойған.

 

Сұраныс артып келеді

 

Қазақстанда алтын құймаларына сұраныс соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Бұған бірнеше себеп бар: біріншісі инфляциядан қорғайтын актив, екіншісі Ұлттық банк кепілдігімен шығарылатын тазартылған құймалар.

 

Алтын құймаларын сатып алу мен сату 2017 жылдан бері заңды түрде рұқсат етілген. Бүгінде Қазақстанда алтынды Халық банкі, ЦентрКредит банкі, Еуразиялық банк, Жусан банк секілді қаржы ұйымдары сатады.

 

Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, алтын – капиталды сақтау және қоржынды әртараптандыру құралы.

 

«Алтын өздігінен табыс әкелмейді. Оның пайдасы – уақыт өте келе бағасының өсуінде. Алтынды инвестициялық қоржынның 5–10 пайызына қосуға болады. Бұл – тұрақсыздық кезінде капиталды сақтап қалуға мүмкіндік беретін бірден-бір құрал», – дейді сарапшы.

 


Жалпы алтын сатып алудың үш негізгі жолы бар:

 

Физикалық құйма сатып алу;
Металл шоты арқылы инвестициялау;
Алтын өндіруші компаниялардың акцияларын иелену.

 


Мамандардың сөзінше, алтын – ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдыруға болатын актив. Бірақ бұл инвестициядан жылдам пайда күтпеу қажет.

 

Айта кету керек, алтын құймалары депозиттер сияқты мемлекет тарапынан сақтандырылмайды. Инвестор сатып алған құймаларын үйде немесе банк сейфінде сақтау керек. Банк ішінде сақталған жағдайда оған арнайы төлем қарастырылады.

 

 

Алтын – қаржы тұрақтылығының кепілі

 

Ал экономист Бауыржан Ысқақов та алтынға инвестиция жасаудың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, халықтың артық қаражатын бұрынғыдай тек депозитте ұстауы жеткіліксіз.

 

«Алтын – инфляция мен дағдарысқа қарсы ең сенімді құралдардың бірі. Әсіресе валюта құнсызданғанда немесе геосаяси тұрақсыздық орын алған кезде алтын өзінің құнын сақтап қалады», – дейді ол.

 


Сарапшы алтын сатып алу тәсілдерінің де кеңейіп келе жатқанын айтады. Мәселен, алтынды:

 

Онлайн платформалар арқылы;
Банк қосымшалары арқылы;
Брокерлік компаниялар мен сауда алаңдарынан сатып алуға болады. 

 


Алтын тек жеке тұлғалар үшін емес, ұлттық экономика үшін де маңызды актив. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлттық қор көлемі 63 млрд долларды құраса, оның ішінде 30 млрд доллардан астамы алтын ретінде сақталуда.

Алтын – ғасырлар бойы құнын жоғалтпаған инвестициялық құрал. Оның бағасы өсіп жатса, бұл – тек экономикалық үрдіс емес, сонымен қатар инвесторлардың сенім индексінің өзгеруі. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары үшін алтын баламалы инвестиция ретінде қалыптасып жатқанын айта кету керек.

 

Ақбота Мұсабекқызы