08 қар, 2025 сағат 13:21

«Amanat» партиясының бұрынғы қызметкері пара талап етті деген күдікке ілінді


Коллаж: Ulysmedia


«Amanat» партиясының бұрынғы қызметкері Арай Есенбек ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz Halyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап.


Шымкент қаласында журналист әрі блогердің шенеуніктен 10 миллион теңге көлемінде ақша бопсалады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Тергеу барысында күдіктінің «Amanat» партиясының бұрынғы қызметкері Арай Есенбек екені анықталды.


Айта кетейік, бұл жөнінде журналист Михаил Козачков та хабарлаған.


Арай Есенбек биыл сәуір айына дейін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы бойынша «Amanat» партиясы филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарған.


2020 жылы Есенбек Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған. Оған дейін ол Шымкент қалалық Ақпараттық-коммуникациялық орталығының директоры қызметін атқарған. Өз еңбек жолын «Хабар» агенттігінде бастаған ол кейін «Оңтүстік» (бұрынғы «Қазақстан-Шымкент»), «31» телеарналарында және «Азаттық рухы» басылымында тілші болып жұмыс істеген.


Еске салайық, 7 қараша күні таңертең Шымкентте блогердің шенеуніктен 10 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарланған еді.