01 нау, 2023 сағат 14:48

Әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру: жаңа функция іске қосылды


Әскерге шақырылатын қазақстандықтар өзінің әскерден босатылғаны немесе кейінге қалдырылғаны туралы мәртебесін SMS арқылы біле алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылағанбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі - әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді.

Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, биыл 1 наурыздан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады", - деп жазды министр Facebook парақшасында.


Оның сөзінше, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосқан.

"Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алатынын атап өтемін", - делінген жазбада.

Бүгінде 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарлама алып үлгерген.

"Бұл жоба – азаматтардың өмірлік жағдайларын негізге ала отырып, оларға белсенді қызмет көрсету арқылы «көрінбейтін мемлекет» жүйесін енгізудің тағы бір қадамы.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ @nitec_kz пен Қорғаныс министрлігіндегі әріптестеріме үйлесімді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді! Бұл қызмет «Smart Data Ukimet» жүйесі негізінде Қорғаныс министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерін біріктіру арқылы мүмкін болды" - деп түйіндеді Бағдат Мусин.