25 қаң, 2024 сағат 14:38

«Астана» қаржы орталығы қызметкерлерінің жалақысы белгілі болды

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров өз жалақысын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін тілшілер Бектұровтан орталық қызметкерлерінің орташа жалақысы туралы сұрады. Оның айтуынша, жалақының көлемі әрбір адамның еңбек өтілі мен тәжірибесіне қарай төленеді.

"Жас мамандарға тәжірибесіне қарай 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін төлейміз, орта буын – 600 мың, ал басшылар 700-800 мыңнан жоғары алады. Маған бірінші басшы ретінде 700-800 мыңнан жоғары төлейді", - деді Бектұров Сенат отырысынан кейін.

Қаржы орталығының басқарушысы өз жалақысын инвестиция ретінде ешқайда салмайтынын да айтты. Себебі уақыт жоқ.

"Біз артылған ақшаны жинауға тырысамыз, бірақ менің бес балам бар. Сондықтан артық ақша қалмайды. Басқалар сияқты ипотека төлейміз, балабақша мен мектеп бар", - деп атап көрсетті Бектұров.