03 ақп, 2021 сағат 11:55

«Астана Опера» театрында ұлттық классика мұрасы «Біржан – Сара» сахналанады

«Біржан – Сара» операсына биыл 75 жыл. Осыған орай «Астана Опера» театрында М.Төлебаевтың аталмыш музыкалық жауһары ұсынылады. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдин, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сөзсіз, барша музыкалық қауымдастық үшін бұл елеулі оқиға, себебі «Біржан – Сара» қазақ опера өнерінің асыл мұрасы болып табылады. 17 ақпан күні біз бұған дейінгі ауқымынан ерекшеленетін режиссерлік нұсқаны орындаймыз. Композитор Мұқан Төлебаевтың музыкасы жаратылысынан өте жарқын, әсем әрі сазды, оның өзі вокалмен кәсіби тұрғыдан айналысқаны белгілі. «Біржан – Сара» операсында сазгер халық ақынының музыкалық дәйексөздерін пайдаланған, «Айтпай» әні бас кейіпкер бейнесінің бастамасы болып табылады», - деді Абзал Мұхитдин. 

«Біржан – Сара» операсының премьерасы 1946 жылы 7 қазанда Абай атындағы театрда өтті. Үш жылдан соң опера авторлары мен орындаушыларына Сталин сыйлығы берілді. 1958 жылы аталмыш спектакль Мәскеудегі Қазақстанның өнері мен әдебиетінің он күндігі кезінде көрсетілді. Шығарма шетелде танымалдылыққа ие болды: Қажым Жұмалиевтің либреттосы түрік тіліне бейімделіп аударылды және 2013 жылы опера Самсунда, сонымен қатар 2014 жылы Ыстанбұл, Бурса, Ескішехир және Анкарада көрсетілді.

Естеріңізге салар болсақ, осы операмен 2013 жылы «Астана Опера» театрының тұсауы кесілген болатын. Оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Көп жылдар бойы қойылым РФ Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың қойылымында өтті. Сондай-ақ 2014 жылы Санкт-Петерборда Мариин театрының жаңа сахнасында ұсынылды. Кейін 2018 жылы театр Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен кеңесші режиссер – Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Михаил Панджавидзенің музыкалық-сахналық редакциясын ұсынды, онда қоюшылар қазақ классикасының сценография стереотиптері мен жекелеген кейіпкерлердің мінез-құлқын қабылдауды бұзып-жарған жаңаша оқылымын ұсынды. 

17 ақпанда сахна төріне көрнекті әртістер – Біржан – Бейімбет Таңарықов, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай – Мәдина Исламова, Жиенқұл – Ержан Саипов және тағы басқалары шығады. 

Айта кетейік, осы күні спектакль аясында «Астана Операның» Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлескен жаңа жобасы - жоғары сынып оқушыларына арналған «Театр сабағы» өтеді.