Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Астанада бірнеше ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейді. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр, - деп хабарланды қала әкімдігінің сайтында.
Өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты екені айтылды.
"Осыған сәйкес, 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады, Астана әкімдігінің қызметі – 7:30, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар – 7:30-8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталу сағаты да сәйкесінше өзгертіледі", - делінген хабарламада.
Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді. Айта кетейік, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00-де басталады.
Бұл шаралар негізгі магистральдардағы таңғы және кешкі сағаттардағы көлік ағынын азайтуға бағытталған.
"Сонымен қатар, жол қозғалысын қиындататын автокөліктердің тұрақ ережесін бұзуы қатаң бақылауға алынады: құқықбұзушылардың автокөліктері айып тұрағына эвакуацияланады".
