15 ақп, 2023 сағат 12:55

Астанада ер адам намаз кезінде 270 мың теңге ұрлап кетті

Фото: Polisia.kz

Полицейлер Астана мешітінде ұрлық жасаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері мешіттегі ұрлық дерегін ашты. Жедел-іздестіру шаралары барысында намаз кезінде ақша ұрлаған 31 жастағы ер адам ұсталды.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті Рахимов көшесінің бойындағы мешітке барған. Намаз кезінде ол залдың ең соңғы қатарына жайғасады. Сол сәтте терезенің алдында жатқан күртешелерге көзі түседі. Намазға жиналған жамағаттың байқамай тұрғанын пайдаланып, күртешелердің бірін алып, қалтасын тексере бастаған. Әмияннан 600 доллар (270 мың теңге шамасында) тапқан. Сөйтіп ақшаны алып, әмиянды күрткенің қалтасына қайта салып, мешіттен шығып кеткен.

"Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат кінәсін мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді, оның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр" - делінген хабарламада.