19 мау, 2017 сағат 10:48

Астанада «Үміт үзгім келмейді» қойылымы сахналанды

Бүгін Астана қаласы, Астана балет театрында Есмұхан Обаев және Төлеубек Аралбайдың режиссерлік шешімімен «Үміт үзгім келмейді» қойылымы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтарына жол тартты.

Жазушы – адам жанының зергері. Жазушы күнделікті күйбең тіршілікті, адам болмысының қымқуыт шиеленіскен қырларын өздігінше пайымдап, оқырманның ойлау және қабылдау атты функцияларына салмақ салады. Режиссер автор-жазушы дүниеге әкелген көркем туындының қалың көпшілікпен қауышуына жол ашатын алтын көпір іспеттес. Тағы бір көркем туындының көркем көрініске айналуына мұрындық болған шығарма - жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы.

Оқиғасы аурухана  палатасында өтетін драманың бас кейіпкері, бүгінде жасы жетпісті алқымдаған Мейірбек бақыт туралы, өмірдің мәні туралы тұңғиық  ойға шомады. Оның жақын достарымен өзара пікірталас-ой таратуларынан өзіндік дүниетанымы мен өмір ұстанымды айқын танылады. Дәулет - жан дәулетімен, Асылхан – туған топырақтан ажырамаған хандығымен, Мейірбек – құдайдың өзі өлшеп берген азды-көпті өміріне ырзашылығы, қанағатымен дараланады. Достардың арасында өмірлік жолын, бәлкім, дұрыс таңдамаған Советбектің өкініші көп… Драмада адамгершілік, имандылық  мәселелері көтеріледі.

Ауыр науқасқа шалдығып, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты Төлеубек Аралбайдың кейіпкер образын сомдау барысында шынайы көрініс таба білді. Жалғас Толғанбай, Азат Сейтметов, Айдос Бектемір, Гүлшат Тұтова сынды орындаушылар өз кейіпкерлерінің болмысын, характері мен образдық даралығын танытып, көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.

Авторлық көзқарас, жазушылық пайым және режиссерлік шешім өзара қиюласып, бір бүтін дүниеге айналды. Нәтиже – күні бүгінде өзектілігін жоймаған әлеуметтік мәселе. Ол мәселе – адам жаны, адам болмысы және адамгершілік.

«Үміт үзгім келмейді» - адамзат баласының ертеңіне сенімі, болашаққа бастайтын даңғыл жолы. Расында, адам баласы келешекке деген сеніммен үмітпен өмір сүреді. Ал берік сенім сетінесе, үлбіреген үміт үзілсе не болмақ? Бейбіт өмір, өзара келісім, адамзаттық асыл құндылықтар ұлықталатын бұл қойылымнан өз сауалдарыңыздың жауабын таба аласыздар.