Фото: ашық дереккөз
Астана қаласының прокуратурасы «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерінің үлестік құрылысына қатысты қылмыстық істерді сотқа жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Астана қаласының прокуратурасы үйлестіруімен азаматтардың қаражатын үлестік құрылысқа заңсыз тарту дерегі бойынша жүргізілген тергеу аяқталған.
Қадағалау органының мәліметінше, іс-әрекеттері 426-дан астам отбасының мүддесіне 8,2 млрд теңге көлемінде аса ірі залал келтіруге әкеп соққан адамдар тобына қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді.
Тергеу барысында ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерінің құрылысына азаматтардың ақшалай қаражатын тартқаны анықталған. Сонымен қатар жиналған қаражат мақсатты түрде пайдаланылмаған, ал құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету үшін сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Атап айтқанда, 10 пәтерге, 36 жер учаскесіне, 16 тұрғын емес нысанға және 49 автокөлікке шектеу қойылған.
Қылмыстық іс аясында 12 күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
