Фото: МАМ
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Атамекен-ай» атты мерейтойлық кеш өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Кеш қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан гүл шоқтары жолданды. Іс-шара барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылды. Кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева да қатысты.
Концерт бағдарламасы автордың ел жадында сақталған таңдаулы шығармаларын қамтып, оның ұлттық музыка мен поэзиядағы орнын айқындай түсті. Сахнадан «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Қазақ елі», «Домбыра туралы баллада», «Өмір-өзен», «Сағындым, сағым жылдар», «Аяулым», «Сен мұңыңды бер маған», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» және өзге де танымал туындылар шырқалды.
Кешке мәдениет және өнер қайраткерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты. Сондай-ақ «Gulder» ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және «Astana Musical» мемлекеттік театры өнер көрсетті. Кештің бас дирижері – Дастан Ибрагимов.
Шөмішбай Сариев қазақ әдебиеті мен ән өнерінің дамуына, сондай-ақ аударма саласының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Оның шығармалары бірқатар шет тілдерге аударылған. Ақын 2000 жылы Бухарестте өткен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік ақындар симпозиумына қатысқан Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан жалғыз өкіл болды.
Сонымен қатар ол қазақ қаламгерлері арасында алғашқылардың бірі болып «Ғашықтар жыры» және «Бозжорға» атты авторлық бейнежазбаларды жарыққа шығарды.
