05 сәу, 2026 сағат 14:01

Қытайлық блогер Тао Минсю «Достық» орденімен марапатталды

Фото: ҚР МАМ

Қытайлық танымал блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю (Тао Тао) Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Достық» орденінің II дәрежесімен марапатталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Марапат блогерге Қазақстанды Қытайдың медиа кеңістігінде ілгерілетуге, елдің мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталды.

Тао Минсю – спорт, туризм және мәдениетті үйлестіре білетін жаңа буын digital-креаторлардың бірі. Ол 2017 жылдан бері ат спортымен айналысып, кәсіби деңгейде атқа міну мәдениетін дамытуға үлес қосқан. Ал 2020 жылдан бастап әлеуметтік желілерде саяхат, мәдениет және lifestyle бағытында контент жариялап келеді.

Қазіргі таңда оның Instagram, TikTok, Douyin, Weibo сияқты платформаларда шамамен 10 миллионға жуық жазылушысы бар. Контенті жоғары сапалы визуалмен және кәсіби продакшнымен ерекшеленеді.

Блогер бұған дейін Қытайдағы бірқатар өңірлердің мәдени туризм елшісі атанған. 2025 жылдың мамыр айында оған «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесі берілген.

Тао Тао Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде келген. Осы уақыт ішінде ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жалпы қаралымы 1 миллиардтан асатын 100-ден астам контент жариялаған.

Бұл марапат блогердің заманауи цифрлық платформалар арқылы Қазақстанның мәдениеті мен туризмін халықаралық деңгейде насихаттауға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.