Фото: скриншот
Димаш Құдайбергеннің продюсерлік жобасы – «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-шоуы интернет кеңістігінде 1,5 миллиардтан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Ult.kz.
Екі ай бойы эфирге шыққан жоба жас вокалистердің талантын танытып қана қоймай, Қазақстанның табиғи және мәдени ерекшеліктерін әлемге насихаттауда. CMMR компаниясының мәліметіне сәйкес, шоудың жалпы қаралымы 1,59 миллиардқа жетіп, мақұлдау индексі 100 пайызды құраған.
Жоба Dengta, Vlinkage және Endata платформаларындағы рейтингтерде бірінші орынға шыққан. Сонымен қатар, шоу сегіз апта қатарынан төрт түрлі рейтинг бойынша көш бастап, Қытайдың өңірлік спутниктік телеарналары арасында жоғары көрсеткішке ие болды.
Бағдарламаға қатысушылардың видеолары да кеңінен таралып, әрқайсысы 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Музыкалық сыншылар мен блогерлер жобаны «музыкалық шеберлік пен мәдени құндылықты үйлестірген сапалы туынды» деп бағалауда.
Шоу халықаралық әлеуметтік желілерде де үлкен қызығушылық тудырып, YouTube және басқа платформаларда түрлі елдердің блогерлері реакциялық видеолар жариялаған.
Жобаға Қытайдың жетекші БАҚ-тары да жоғары баға берген. Атап айтқанда, Жэньминь Жибао басылымы жобаның мәдени алмасудағы маңызын атап өтсе, Синьхуа агенттігі арнайы репортаж әзірлеуде. Ал Гуанминь Жибао газеті жобаның тарихи және мәдени мазмұнын жоғары бағалаған.
Сондай-ақ жобаға қатысты тақырыптар Weibo, Red Note және TikTok платформаларында 300-ден астам рет трендке енген.
«Voice Beyond Horizon» шоуы түрлі елдердің мемлекеттік органдары мен дипломатиялық өкілдіктерінен де қолдау тапқан. Жоба аясында Қазақстанның Туркістан өңірі, Ақтаудағы Каспий теңізі мен Алматы қаласының мәдени өмірі кеңінен таныстырылуда.
Айта кетейік, бағдарлама әр бейсенбі Hunan TV және Mango TV платформаларында, ал сенбі күндері «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.
