Фото: ЖИ арқылы жасалған
Жастар саясаты, білім сапасы мен мемлекеттік басқару жүйесі – ел дамуының басты бағыттары ретінде айқындалып отыр. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ал олардың әлеуетін оңтайлы пайдалану – мемлекеттің стратегиялық міндеті. Сондықтан жастар саясатын жүйелі жүргізу, олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы ұлттың бәсекеге қабілетті болуының негізгі себебі. Еліміздегі жастар саясаты, білім жүйесі мен саяси реформалар жайлы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті ректорының мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесшісі Жылқышиева Жазира Жақсылыққызын әңгімеге тартқан едік.
- «Қазіргі жүргізіліп жатқан жастар саясаты ұзақ мерзімді нәтиже бере ала ма, әлде қысқа мерзімді жобаларға иек артып отырған жоқ па?» деген сауал бар. Елімізде жүргізіліп жатқан жастар саясаты туралы, оның ұстанған бағыты туралы не айтуға болады?
- Жастар саясатына бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Білім, жұмыс, кәсіпкерлік бағытында түрлі бағдарламалар бар. Бірақ кейбір жобалар қысқа мерзімді нәтиже беруге бағытталғаны да рас. Сондықтан жүйелі, ұзақ мерзімді саясатқа басымдық беру маңызды. Жастар саясаты – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Қазір білім алуға, кәсіп ашуға арналған мемлекеттік гранттар мен бағдарламалар жеткілікті. Бірақ біздің алдымызда тұрған басты міндет – мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету.
- Теңдік демекші, мемлекеттік қолдау шаралары барлық жастарға бірдей қолжетімді ме, әлде тек белгілі бір топтарға ғана тиесілі болып тұр ма?
- Мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мәселесіне келсек, ресми түрде барлық жастарға мүмкіндік бар. Алайда іс жүзінде ақпараттың жетіспеуі немесе аймақтық теңсіздік байқалады. Ауыл жастарына көбірек көңіл бөлу қажет. Әсіресе, ауыл мен қала жастарының арасындағы ақпараттық және инфрақұрылымдық алшақтықты жою қажет. Қысқа мерзімді жобалардан гөрі, жастарға сапалы білім мен тұрақты жұмыс беретін ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаларға назар салу жөн болар еді.
- Бүгінгі таңда елімізде ғылым саласының жетістіктері мен қоса мәселелері де жоқ емес. Ғылым саласындағы олқылықтарды шешу мақсатында мемлекет басшысы жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Ғылымға республикалық бюджеттен қаржыландыру артты. Бұл Сіздердің оқу орындарыңызға қандай да бір өзгерістер әкелді ме?
- Соңғы жылдары ғылымды қаржыландырудың артуы және жас ғалымдарға жасалып жатқан қолдау – интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызды қадам болды. С.Сейфуллин университетінде қуатты ғылыми база қалыптасқандығын, қаржыландыру көлемі университет бюджетінің 42%-ын құрайтынығын атап өту керек. Университетте аграрлық ғылымның негізгі бағыттары бойынша заманауи зерттеулер жүргізіліп, биотехнология, генетика және органикалық ауыл шаруашылығы салаларында ғылыми нәтижелер енгізілуде. Сонымен қатар дәл егіншілік, жасанды интеллект және Big Data сияқты цифрлық технологиялар агросекторға белсенді енгізіліп, ғылыми жобалар бизнес пен өндіріс саласымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Университет халықаралық ғылыми ұйымдармен және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеулер жүргізіп, QS халықаралық рейтингіне ену арқылы білім мен ғылым сапасының жоғары деңгейін дәлелдеді.
- Университет цифрлық және интеграцияланған ғылымға бет бұрыс жасап, оқу орда базасында агротехнопаркін ашты. Ол енді қандай қызмет атқаратын болады?
- Бұл қадам Мемлекет басшысының жолдауларында белгіленген «білім – ғылым – өндіріс» тиімді тізбегін қалыптастыру міндеттеріне толық сәйкес келеді. Агротехнопарк – практикалық құзыреттері мен нақты жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі бар жаңа буын мамандарын даярлайтын негізгі алаң. Университет білім беру мен өндірістің үздіксіз байланысын орнатады: студенттер серіктес кәсіпорындарда және технопарк инфрақұрылымында білім алып, магистранттар мен докторанттар қолданбалы зерттеулер жүргізіп, бизнеспен бірлесіп жобаларды жүзеге асырады. Мұндай дуальды модель білім беру бағдарламаларының басым бөлігін қамтып, терең тәжірибелік интеграцияны қамтамасыз етеді және агроөнеркәсіптік кешеннің технологиялық дамуына тікелей қажет кадрлық базаны қалыптастырады.
- Ендігі сауал азаматтық қоғамның дамуы жайында. Елімізде ғылымға көңіл бөлініп жатқанмен азаматтық қоғамның даму тенденциясы баяу жүріп жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?
- Азаматтық қоғам туралы айтсақ, иә, кейде оның дамуы баяу сияқты көрінеді. Бірақ соңғы жылдары халықтың белсенділігі артқанын анық байқаймыз. Қоғамдық пікір бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ықпалды бола бастады. Азаматтық қоғамға үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі мен қоғамдық бақылаудың күшеюі – өте оң динамика беріп отыр. Біздің мақсатымыз – қоғамдағы бейтараптықты азайтып, әр азаматтың ел дамуына өз үлесін қосуына жағдай жасау.
- Бұған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп жатқан реформалар қаншалықты серпін берді?
- «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан реформалар елдің саяси және қоғамдық өміріне жаңа серпін берді деп айтуға болады. Ең алдымен, саяси жүйеде ашықтық пайда болды. Парламенттің рөлі күшейіп, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі артты. Әрине, бұл реформалардың толық нәтижесі бір күнде көрінбейді, бірақ оның негізі қазірдің өзінде қаланып жатыр. Біз қазір мемлекеттік басқарудың жаңа әрі ашық моделіне қадам бастық. «Әділетті Қазақстан» реформалары – бұл қоғамның сұранысына берілген нақты әрі жүйелі жауап. Ең басты жетістік – билік пен халық арасындағы кері байланыстың орнауы. Мемлекеттік органдардың ашықтығы артып, шешім қабылдау процесінде азаматтардың үні ескерілуде. Әрине, күрмеуі көп мәселелер бір күнде шешілмейді. Алайда біз таңдаған стратегиялық бағыт дұрыс. Халықтың өз құқықтарын заң аясында талап етіп, мемлекеттің оған жауап қатуы – демократиялық қоғамның басты көрсеткіші.
- Осы ретте ашық қоғам құрып, адал азаматтар қалыптастырудағы қазіргі саяси шешімдердің нәтижесі қандай болмақ?
- Адал азамат» мәселесіне келсек, бұл шынымен тек ұран болып қалмауы керек. Қазір қоғамда адалдық, әділдік туралы түсінік біртіндеп қалыптасып келеді. Дегенмен, оның нақты нәтижесін көру үшін уақыт қажет. Себебі бұл – заңмен емес, сана арқылы қалыптасатын құндылық. «Адал азамат» тұжырымдамасы – еліміздің жаңа қоғамдық этикасы. Қазір жастар арасында білімі мен маңдай теріне сенетін, парасаттылықты ту ететін жаңа буын қалыптасып келеді. Бұл өте жақсы тенденция. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – әділетті мемлекет пен ашық қоғам құрудың басты кепілі. Бұл бағытта тек заңмен шектелу аздық етеді, бізге отбасынан басталатын үздіксіз тәрбие мен тұлғалық жауапкершілік қажет.
- Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Жылқышиева Жазира Жақсылыққызы -
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық
зерттеу университеті ректорының мемлекеттік органдармен
және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесшісі
