Фото: Ашық дереккөз
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа немесе ескі автокөлік сатып алу үшін несие алған кезде қазақстандықтар үшін қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) есептелмейтінін бекітетін қаулы қабылдады. Қазақстандықтарға автонесиені алу қаншалықты оңайырақ болады? Ult.kz тілшісі осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Зейнетақы төлемдері болмаса да несие беріледі
Бұрын несиесі бар азаматтың ай сайынғы төлемі табыстың жартысынан асса, банк несие беруден бас тартатын. Енді жаңа қаулыға сәйкес, банктер қарыз жүктемесінің коэфицентін тек жаңа көлік алған кезде ғана емес, қолданыста болған көліктерге де есептемейтін болды.
Сонымен, жаңа көлікті кепілге қою арқылы несие алған кезде, жылға дейінгі ескі көліктерге бастапқы жарнасы көлік құнының 30-50%-ын құрайтын несиелер (көлік кепілге қойылады) және 3 жылдан асқан көліктерге бастапқы жарнасы 50%-дан жоғары болған жағдайда (міндетті түрде кепіл қойылады) ҚЖК есептелмейді.
Ал қаржы мамандарының пікірінше, мемлекет тарапынан несие нарығына араласу оң нәтиже бере қоймайды.
«Дамыған елдерде бұл мәселеге мемлекет араласпайды. Банк несие беру-бермеу шешімін өзі қабылдайды. Бұл бизнес талабы. Егер банк несиені қайтара алмайтын адамға бере берсе, ол ақыры банкротқа ұшырайды. Мемлекет қаржы ұйымдарына төнетін тәуекелдерді ескеріп, талаптарды оңтайландыруға тырысып жатыр. Мысалы, ҚЖК ескерілмесе де, соңғы 6 айдағы төлем тарихы қаралады. Мәселен, бұрын несие алушының зейнетақы қорындағы түсім тексерілсе, қазір зейнетақы төлемдері жасалмаса да, банк картасындағы түсімдер арқылы төлем қабілетін растай алады. Бұл да үлкен жеңілдік деп ойлаймын», — дейді қаржыгер Дәулеткеді Нұрланов.
Автонесие нарығы
Қазіргі таңда қазақстандықтар айыздық мөлшерлеме мен қарыз жүктемесінің коэфицентіне қарамай, автонесиеге көп жүгініпі жатыр. Сәйкесінше сұраныс та артқан. Бірінші несие бюросының дерегі бойынша, бүгінде автонесиелік келісімдер саны 591 мыңнан асып, 559 мыңнан астам адамның несиелік берешегі бар. Былтыр жыл соңында 25 600 көлік сатылып, 26 700 несие берілген.
Автонесиелердің 70%-дан астамын екінші деңгейлі банктер береді. Қалғанын микроқаржы ұйымдары. 2024 жылдың соңында банктердің орташа мөлшерлемесі 15,5%-ды құрады (жыл ішінде 22,8%-ға төмендеді), ал МҚҰ-ларда бұл көрсеткіш 42,5%-дан 34,1%-ға дейін түсті.
4%-дық несие тек маркетинг пе?
Қазақстанда сатылатын көліктердің басым бөлігі – шетелдік брендтер. «Қазақстан Автомобиль одағының» мәліметінше, былтыр 205 мыңнан астам автокөлік сатылған. Брендтер бойынша атасақ, Hyundai – 44 218, Chevrolet – 30 927, KIA – 23 045, Chery – 14 883 және Jac – 11 771 көлік сатқан.
Мемлекеттік 4% автонесие бағдарламасының идеясы әлі де халық арасында танымал. Қазір кейбір дилерлер сол идеяны жалғастырып жатыр. Мысалы, KIA, Hyundai, JAC секілді брендтерден 4%-дық несиелер ұсынылуда. Алайда оның да жөні бөлек.
Мәселен, жаңа көлік алсаңыз және оны банкке кепіл ретінде қойсаңыз, 3 жылға дейінгі көлікті сатып алсаңыз және бастапқы жарна ретінде көлік құнының 30–50% төлесеңіз және 3 жылдан асқан көлікті алсаңыз және бастапқы жарна 50%-дан көп болса ғана 4%-бен автонесие ала аласыз. Бұл жеңілдік несиені рәсімдеуді жеңілдеткенімен, бастапқы жарна талап етілетінін ескеріңіз. Демек, қолында біршама қаражаты бар адамдарға ыңғайлырақ болады.
«Осы аптада ғана MG5 автокөлігін алдым. Мен оны 4 пайызбен алым үшін 30 құнын төлеуім керек болды. Қолымда ондай қаржы болмағандықтан, мен 15-бен 7 жылға алдым. Көп жерде негізі 22-26 пайызбен есептеп берді. Маған тиімдісі осы болды. Ал тағы бір Досым, көлікті 30 пазы құнын төлеп, 3 жылға 0,1 пайызбен алды. Яғни алған жылың аз болып, ай сайынғы төлемің артық болса, сонда автонесиенің пайызы да төмен болады. Алайда оны да қаржылық жағдайына кепілдік бар адам ғана ала алады деп ойлаймын», — дейді алматылық Ғабит Оразханов.
Айта кетейік, елімізде 8 зауыт жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 91 мың көлік шығарылған. Ал отандық көліктердің нарықтағы үлесіне келсек, Hyundai – көпшілігі Алматыда жиналған. Chevrolet – 31 мың көлік, KIA – 23 мың көлік, барлығы – 144,7 мың автокөлік (соның ішінде 90,5 мыңы – Allur, Қостанай; 45,4 мыңы – Hyundai Trans Kazakhstan, Алматы) құрастырған. Ал биыл Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік зауыты іске қосылды. Мұнда Changan, Chery, GWM (Haval және Tank) көліктері жиналады.
Ақбота Мұсабекқызы