Фото: ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік қолдауға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында аз қамтылған отбасылар үшін жаңа цифрлық ваучерлік жүйе енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында «BTS Digital» компаниясы директорының міндетін атқарушы Ержігіт Балқыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Пилоттық жоба атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға арналған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жеңілдік беруді көздейді. Ваучерлер «eGov Mobile» қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы іске асырылады. Жүйе бойынша отбасының әр мүшесіне бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК – 3 932 теңге) мөлшерінде жеңілдік қарастырылады. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы үшін жеңілдіктің жалпы сомасы шамамен 16 мың теңге болады.
Жоба Ақкөл қаласында іске қосылып, қыркүйек айының соңына дейін Көкшетау мен Павлодар қалаларында да жұмыс істей бастайды. Сәтті нәтиже көрсеткен жағдайда, бастама 245 мыңнан астам АӘК алушыны қамти отырып, ел көлемінде кеңейтіледі.
Цифрлық ваучерлерді пайдалану тәртібі де қарапайым: АӘК алушы дүкен кассасына QR-кодын көрсетеді, сол арқылы нан, жарма, көкөніс, ет, сүт сияқты негізгі өнімдерді жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Нарықтық және жеңілдікті баға арасындағы айырма ваучер арқылы жабылады, ал қалған соманы азаматтың өзі төлейді.
Жоба тұрақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады. Жалпы 100 млрд теңге бөлініп отыр:
🔹 35 млрд теңге – сауда желілерін жеңілдікпен кредиттеуге,
🔹 65 млрд теңге – отандық фермерлер мен өндірушілерден форвардтық өнім сатып алуға бағытталады.
Мұндай механизм арқылы АӘК алушылар азық-түлікті 25%-ға дейін жеңілдікпен ала алады. Жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қолдауға бағытталған маңызды қадам болмақ.
