26 қыр, 2023 сағат 16:42

Баспана қымбаттамаса, арзандамайды – Ләззат Ибрагимова

Фото: fifg/shutterstock.com

«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова баспана нарығындағы бағаның өзгерісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Мен жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы ретінде жалпы инфляция деңгейі жағдайында портфельдік инвестициялармен айналыспайтын, құнды қағаздар нарығында жұмыс істемейтін адамдар салатын негізгі капиталдың түсуі екіталай деп ойлаймын. Өйткені инфляция азық-түлік емес тауарларға да әсер етіп отыр. Сондықтан біз сарапшы ретінде баспана бағасының түсуін күтіп отырған жоқпыз», - деді ол Мәжілістегі отырыстың алдында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзінше үй бағасының әрі қарай қымбаттауы нарықтағы ипотекалық бағдарламалардың қолжетімділігіне байланысты болмақ.

«Қазір базалық мөлшерлеме 16-17 пайыз деңгейінде екенін ескерсек, «Отбасы банктің» ол шамадан дербес несие ұсынуы тұйық шеңбер болып тұр. Бұл - германиялық модель бойынша құрылған жүйе. Біз 20 жылдың ішінде базалық мөлшерлемеден дербес, өзгермейтін несие мөлшерлемесін ұсынып келдік. Сәйкесінше, біздің ұсынып отырған кредит өніміміз борышкерлер үшін ең тиімді нұсқа болып отыр. Оған деген сұраныс та жоғары. Бірақ біз бұл сұранысты адамдарды ақшаны көбірек жинақтауға бағыттау арқылы теңестіреміз. Шілде айында біз 2,5 бағандық бағалау көрсеткішін енгіздік. Яғни, енді пәтер сатып алу үшін бастапқы жарнаға пәтер құнының 50 пайызын жинақтау жеткіліксіз. Үш айдан кем емес уақыт бойы ақша жинақтап, тиісті шарттарды орындау керек. Келесі жылы бұл бағалау көрсеткішін тағы арттырамыз. Яғни, біз өз клиенттерімізді біртіндеп классикалық жүйеге қайтарамыз. Баспанаға қажет ақшаны адам шын мәнінде жинақтау керек болады. Қалай жинақтағанына байланысты борышкердің төлем қабілеті туралы бағалауды өзгертеміз. Клиент 36 ай бойы бір соманы тұрақты салып тұрса, ондай адамға төлем қабілетін бағалаған кезде борыш алуға мүмкіндік беретін түрлі коэффицент ұсынуға болады. Демек, стратегия мынандай болады. Борышкер ақшаны неғұрлым тәртіппен жинақтаса, банк оған соғұрлым жақсы қарайласады», - дейді банк басшысы.

Ләззат Ибрагимова кейбір сарапшылардың «Отбасы банк» тұрғын үй нарығына кері әсер етіп отырғаны туралы пайымдарына жауап берді.

«Ол басқа банктердің табысына кері әсер етіп жүрген шығар. Мен бұл жерде қоғамның мүддесін басты бағдарда ұстауымыз керек деп ойлаймын. Біздің банкке келіп, отбасылық депозит ашып, баласына, ата-анасының атына шот ашатын адамдар бар. Солардың мүддесін бағдарға алуымыз керек. Бізден бір займ алған кезде осындай 3-4 адамның депозитін біріктіріп жатады. Бұл дегеніңіз отбасылық коэффицент қой. Оның мөлшері орташа статистикалық коэффицентке сай келеді», - деді «Отбасы банк» басшысы.