Фото: Egemen.kz
Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын майдангерлер туралы естеліктер жиілеп, тағылымды іс-шаралар да көптеп ұйымдастырыла бастады. Соғыстың от-жалынында шыңдалып, елге жеңіспен оралған ардагерлердің қатары бүгінде тым сиреп қалды. Қазақстанда бүгінде 120-ға жуық ғана ардагер қалғаны айтылып жүр. Олар туралы күнде жазсақ та артық емес – әрбірі ерлік пен елдік үлгісі.
Мәңгі естеліктің айғағы
Сол майдан жылдарынан сыр шертетін ерекше жәдігерлердің бірі – Павлодар қаласындағы Әскери даңқ музейінің ауласында тұрған зеңбірек. Бұл – Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың соғыс жылдарындағы сенімді серігіне айналған қару. Аталған зеңбірек 1992 жылы Литваның Вильнюс қаласынан Қазақстанға жеткізілген.
7385 нөмірлі бұл зеңбірек 1944 жылдың ақпан айында жасалып, сол жылдың тамыз айында аға лейтенант Махмет Қайырбаев басқарған 5-батареяға тапсырылған. Қайырбаевтың командасы бұл қаруды старшина Горшковтың есебінен алған. Артиллериялық құрал Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз қызып тұрған кезеңінде 2200 шақырымнан астам жол жүріп, жау снарядтарының әсерінен он рет істен шыққан. Алайда әр жолы жөнделіп, қайта сапқа қосылған.
Жойқын зеңбіректен жауға қарсы 1193 снаряд атылып, нәтижесінде 10-нан астам танк, 14 пулемет, 2 автокөлік, 8 взвод және 3 бақылау пункті жойылған.
"Әкем 1991 жылы «Казахстанская правда» газетінен Кеңес Одағының Батыры Черниковскийдің ескерткіші бұзылғаны туралы мақаланы оқып, қатты алаңдады. Сол сәттен бастап Литвада қалған зеңбіректің де тағдырына уайымдап, оны елге қайтаруды ойлады. Осы ойымен әріптестерімен бөлісіп, үзеңгілес досы Қабиден Жұмабековке де айтқан. Кейін Қабиден аға бұл туралы ұлы Кеңеске жеткізеді. Әкеміздің зеңбірегін елге қайтару туралы бастаманы қолға алуды сұрайды. Облыстық ардагерлер кеңесімен ақылдасып, ұйым атынан Литваға хат жолданады. Алғаш барған кезде зеңбірек жекенің қолына өтіп кеткені белгілі болды. Бір қалталы азамат оны теңіз жағасына орнатқысы келген екен. Кеңес әлгі адамның көңілін тауып, зеңбіректі кері қайтарды. Ауыр қару бөлшектеліп, жүк көлігімен елге жеткізілді", – деп еске алады батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев.
Бүгінде отты жылдардың белгісіндей болған батырдың зеңбірегі Павлодардағы Әскери даңқ музейінің ауласында тұр.
Ерліктің ерен иесі
Махмет Қайырбаев 1925 жылдың қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Семиярка ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Павлодар қаласында өмірден өтті. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, аға лейтенант, артиллерия командирі.
Мектептен кейін Павлодар педагогикалық училищесін тәмамдаған жас жігіт соғысқа дейін туған ауылындағы мектепте мұғалім болып қызмет етті. 1942 жылдың тамызында Қызыл Әскер қатарына шақырылып, артиллерия училищесінде әскери білім алады. 1943 жылдан бастап майдан даласына кірісіп, 17-танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригаданың құрамында шайқасады.
Махмет Қайырбаев 18 жасында-ақ Александр Невский орденінің иегері атанды. 1944 жылдың 19 тамызында Литваның Шяуляй қаласының батыс жағындағы қиян-кескі шайқаста Кеңес әскері қорғанысын бұзып, қалаға кіруге ұмтылған жау танкілеріне қарсы тұрады. Қайырбаев бастаған 15 жауынгер қоршауда қалған полк батареясына көмекке келіп, 7 шабуылды тойтарып, бір батальон жау әскерін жояды. Осы ерлігі үшін оған 1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Соғыстан кейін Махмет Қайырбаев Павлодар облысында партия және қоғамдық қызметтер атқарып, тың және тыңайған жерлерді игеруге, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосты. Еңбегі үшін екі рет Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Батырдың есімін мәңгілікке қалдыру бағытында елімізде түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Былтыр Павлодар қаласында «Махмет Қайырбаев» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – әйгілі «Жизнь замечательных людей» сериясымен жарық көрген.
Жалпы, осы сериямен 1500-ден астам еңбек басылып шыққан. Оның ішінде қазақтың біртуар тұлғалары – Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымұлы, Сәкен Сейфуллин, Құнанбай Өскенбайұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ермұхан Бекмаханов, Евней Бөкетов туралы да кітаптар бар. Енді бұл тізімді Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың есімі толықтырды.
Кітап авторы – батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев. Ол мұрағат деректерін пайдалана отырып, әкесінің өмір жолындағы бұрын-соңды белгісіз болған деректерді құқықтық тұрғыда зерделеген.
"Әкем 1982 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, майдангерлердің ерлігін еске алып, олардың жағдайына алаңдап жүретін. Қазір мен де зейнеткермін. Әкем ойға алған жоспарларды жүзеге асыруға барынша атсалысып келемін", – дейді Мұрат Махметұлы.
Ұрпаққа үлгі – ұлы тұлға
Бейбіт өмірдегі Махмет Қайырбаевтың еңбек жолы Павлодар облысының дамуы мен тың игеру кезеңімен тығыз байланысты. Ол мал шаруашылығы мен өнеркәсіпті өркендетуге үлес қосып, өз уақытының жауапты қызметтерін абыроймен атқарған.
Батыр туралы жарық көрген кітап бүгінде облыстық полиция департаментінің кітапханасында да бар. Ол жас тәртіп сақшыларына рух беру, патриоттық тәрбие дарыту мақсатында пайдаланылуда.
"Махмет Қайырбаев – планетарлық ауқымдағы тұлға. Оның өмірі – өз еліне, өз халқына қызмет етудің нағыз үлгісі. Батырдың соғыс пен бейбіт өмірдегі еңбегі баға жетпес мұра. Әкесінің өмір жолын жинап, кітап етіп шығарған отставкадағы полковник Мұрат Махметұлына алғыс айтамыз. Қайырбаевтың есімі – мәңгіліктің символы. Ол – ұрпақ үшін шабыт", – деді генерал Василий Скляр.
Бүгінде музей ауласында үнсіз тұрған зеңбірек – тек темір бұйым емес. Ол – батырдың ерлігін, ұрпаққа қалдырған мұрасын, бейбіт өмір үшін төгілген тер мен қанның куәсі. Махмет Қайырбаевтың есімі – өшпес ерліктің, шексіз адалдықтың және отансүйгіштіктің нышаны ретінде ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық.