Заңгер Айжан Ташенова Бауыржан Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау жөнінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы талап-арызы бойынша аудандық соттың шешіміне берілген апелляциялық шағымға қарсылық пікір енгізді. Бұл туралы заңгер өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы талап-арызы бойынша шығарылған сот актісі заңды және толықтай негізді. Ал апелляциялық шағымда келтірілген дәлелдер мүлдем негізсіз. Атап айтқанда, аппеляциялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 404 және 427-баптарының талаптарына сәйкес келмейді, себебі бұл құжатта (қосымша тіркеп отырмын) іс үшін маңызы бар және шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын жаңа фактілер немесе бірде-бір нақты дәлел келтірілмеген», - деп жазды ол.
Заңгердің айтуынша, жауапкерлердің шағымы заңды түрде дұрыс рәсімделмеген. 8 беттен тұратын шағымның 7,5 беті – бұл тек сот шешімінен үзінділерден тұратын фактілердің сипаттамасы мен заң нормалары ғана.
«Осыған дейінгі бүкіл отырыстардағыдай Ж.Мамай мен И.Иманбаева және олардың жалғыз қалған заңгері бірінші сот инстанциясының шешімін екі ғана абзацқа сыйып кеткен бос сөзбен және расталмаған дәлелдермен дауламақшы. Шағымның мазмұнына келсек, бұл жауапкерлердің Б.Байбекке қатысты кеңінен таратқан мәліметтеріне, толықтай жалған және негізсіз пайымдарына еш дәлел жоқ екенін тағы да көрсетіп отыр», - делінген А.Ташенованың жазбасында.
