Фото: E-history.kz
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Байқоңыр кешенін зымыран ұшырумен ғана емес, туризммен де танымал орынға айналдыруды көздеп отыр. Бұл туралы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Қызылорда облысының әкімдігі мен туристік индустрия өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Визит-орталық ашу, зымыран ұшыру арасындағы кезеңдерге арналған туристік өнімдер жасау, жаңа орналастыру орындарын ашу – Байқоңырдың туристік әлеуетін арттыратын негізгі бағыттар.
Даниел Сержанұлы атап өткендей, Байқоңырда туризмді дамыту үшін базалық инфрақұрылым қалыптастыру аса маңызды.
«Басты қадам – визит-орталық ашу. Ол тек ақпараттық-навигациялық нүкте ғана емес, кешеннің мәдени және білім беру құндылығын танытатын алаң болады», – деді ол.
Туристік тұжырымдама жобасы Байқоңырдағы туризмді:
-
Еліміздің мәдени және білім беру күн тәртібіне енгізуді,
-
Туристік экожүйені қалыптастыруды,
-
Зымыран ұшырудан тыс уақытта да саяхатшылар ағынын тұрақтандыруды көздейді.
Қызылорда облысы әкімдігінің дерегінше, 2024 жылдың басынан бері Байқоңырды 4 мыңға жуық турист тамашалаған. Жыл басынан бері 3 зымыран ұшырылған, жыл соңына дейін тағы 3 ұшыру жоспарланып отыр.
Бұл бастама Байқоңырды тек ғарыш айлағы емес, жаңа туристік брендке айналдыруға бағытталған.
