15 қаң, 2026 сағат 13:28

«Байсат» базары қайта сатылымда: Алматы базарларының иесі кім?

Фото: e-auction.e-qazyna.kz


Алматыдағы ірі сауда нысандарының бірі – «Байсат» көтерме-бөлшек базары үшінші рет аукционға шығарылды. Мемлекет меншігіне 2024 жылы қайтарылған актив бастапқыда 28,6 млрд теңгеге бағаланғанымен, екі мәрте сатып алушы табылмай, бағасы 26,7 млрд теңгеге дейін төмендеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Қайтарылған активтерді басқару компаниясы келесі аукционды 2026 жылдың 5 ақпанына белгіледі. Бұл жағдай бір ғана базардың тағдыры емес. Ол Алматыдағы базарлар нарығында соңғы жылдары жүріп жатқан ірі өзгерістердің, меншік қайта бөлінісінің және «ескі элитамен» байланысты активтердің мемлекетке қайтарылуының айқын көрінісі. Осы орайда Ult.kz тілшісі Алматы базарларының кімге тиесілі екенін анықтап көрді.


«Байсаттың» бұрынғы иелері және мемлекетке өтуі


«Байсат» базары бұрын Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанның атымен байланысты болды. 2024 жылы прокуратура араласуымен нысан мемлекет меншігіне өтті. Қайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу барысында негізгі активтерін өз еркімен тапсырған.


Қазіргі таңда базардың заңды иесі – «Байсат көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС, ал ол активтерді қайтару бағдарламасы аясында электронды аукцион арқылы сатылуда. Аукционнан түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға бағытталмақ.


«Барахолка»: бір иесі жоқ алып нарық

Фото: Voxpopuli.kz


Алматыдағы әйгілі «Барахолка» – біртұтас меншік емес. Ол әртүрлі заңды тұлғаларға тиесілі бірнеше ірі базарлар кешенінен тұрады. Олардың қатарында «Еуразия», «Кенжехан», «Ялян», «Алатау» секілді нысандар бар. Бұл базарлардың құрылтайшылары арасында елге танымал фамилиялар жиі кездеседі.


«Кенжехан» әмбебап базарыСолтүстік айналма жол бойында орналасқан. 2013 жылдан бері иесі – Әнипа Назарбаева. Бұл базар Назарбаевтар әулетінің сауда активтері қатарында әлі де сақталып отыр.


«Еуразия» базары2022 жылдың соңынан бері нысанның иесі – «Eurasian LTD» ЖШС, ал жалға алушысы – «Еуразия» ЖШС. Құрылтайшылар құрамында Камила Сұлтанованың есімі аталады.


«Ялян» маңындағы базарларБұл аумақ Омаровтар отбасымен байланысты. Бірнеше ЖШС арқылы басқарылатын бұл нысандар да Солтүстік айналма бойындағы сауда жүйесінің маңызды бөлігі.


Миллиардтаған айналым


Сарапшылардың бағалауынша, «Барахолканың» күнделікті тауар айналымы 2–3 млрд теңгеден кем емес. Бұл – жылына жүздеген миллиард теңге деген сөз. Дүниежүзілік банктің дерегіне сәйкес, 2011 жылдың өзінде бұл нарықтың жылдық айналымы 1,7 млрд долларды құраған.


Осы көлемдегі қаржы мен жер телімдері базар айналасындағы дау-дамайлар мен меншік үшін күрестің неге тоқтамағанын түсіндіреді.


«Алтын Орда»: рейдерлік даулар мен сот процестері



Фото: tengrinews.kz


Алматы маңындағы «Алтын Орда» нарығы да ұзақ жылдар бойы дау ортасында. 2023–2024 жылдардағы дерекке сәйкес, нарықтың 95 пайызы «Компания номер один» ЖШС-не, ал 5 пайызы Данияр Альпиевке тиесілі.


Бұған дейін базар Болат Назарбаевтың ықпалындағы «Kurylys LTD» ЖШС арқылы басқарылған. Кейін рейдерлік айыптаулар көтеріліп, үлестердің заңсыз ауысқаны туралы сот істері қозғалды. Бірқатар тұлғалар бұл істер бойынша жауапқа тартылды.


Қазір нарықта құқықтық «тазалау» және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Билік «Алтын Орданың» ықпалын азайту үшін балама көтерме орталықтар салуға да кіріскен.


«Зеленый базар» және ірі инвесторлар



Фото: forbes.kz


Алматыдағы «Жасыл базар» бір адамның емес, инвесторлар консорциумының меншігі. Негізгі тұлғалар – Тимур және Динара Құлыбаевтар, сондай-ақ кәсіпкер Яков Цхай. Басқару «Достар-Коммерц» ЖШС арқылы жүзеге асырылады.


Бұл құрылым базарларды басқарудағы жаңа модельді көрсетеді: меншік иелері тікелей саудаға араласпай, жалға беру мен операторлық басқаруға көшкен.


«Жетісу» логистикалық орталығы


Фото: yandex.kz


Солтүстік айналма бойында салынып жатқан «Жетісу» сауда-логистикалық кешені де назар аудартады. Жер телімдері «Статус Construction» ЖШС-не тиесілі. Құрылтайшылар қатарында Forbes тізіміне енген кәсіпкер Нұржан Бекшенов, бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар мен кеден саласының экс-өкілдері бар.


Бұл жоба айналасындағы кадрлық құрамның өзі-ақ Алматы базарлары бизнесінің қаншалықты жабық әрі элиталық екенін аңғартады.

 

Жалпы, Алматыдағы базарлар – жай ғана сауда орындары емес. Бұл миллиардтаған айналымы бар, саяси және экономикалық ықпалы жоғары активтер. Жоғарыда айтқанымыздай, «Байсаттың» қайта-қайта сатылымға шығуы – мемлекет пен ірі бизнес арасындағы жаңа кезеңнің белгісі. Базарлардағы меншік құрылымы әлі де күрделі, ал қайта бөлу процесі толық аяқталған жоқ. Алдағы жылдары бұл нарықта тағы да ірі өзгерістер болуы мүмкін.