Филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек дүниеден озды. Қаралы хабарды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова растады.
«Мынау індет ірілерді жалмап барады…Тіл білімінің тарланы, профессор Әлімхан Жүнісбек ағамыздан айырылып қалыппыз… Ғалымның қазасы - ғаламның қазасы деген, қандай орны толмас өкініш… Бақұл болыңыз, аға. Алла панасына алсын! Отбасына, жақындары мен туыстарына, ұжымы мен шәкірттеріне көңіл айтамын», - деп жазды әлеуметтік желіде Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі.
Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы Түркістан облысында туған.
ҚазМУ-дың филология факультетін 1963 жылы бітірген. 1964 жылдан Қазақстан ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
Әлімхан Жүнісбек қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына еңбек сіңірген ғалым.
Ол түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш мәселесі, қазақ тіліндегі сингармонизм заңы, қазақ тілінің артикуляциялық базасы құрамындағы артикуляциялық үлгілер, қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі, латын әліпбиіне көшу мәселелері, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі мәселелерімен айналысқан.
Ғалым 2007 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің "Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісімен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
