04 қаз, 2023 сағат 13:40

Бензин бағасының қымбаттауына алғышарт жоқ – Энергетика министрі

Фото: Сергей Бобылев / ТАСС

Елімізде бензин бағасының көтерілуіне алғышарт жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресейде баға өсуі мүмкін екендігін қоспайтын болсақ, бензиннің қымбаттауына алғышарт жоқ. Қазіргі уақытта Қазақстанда сұраныс пен тұтыну көлемі теңгерімді. Мұнай өнімдерінің қажетті қоры жасақталған. Шамамен 1 айға жететін дизель отыны, 25 күнге жеткілікті АИ-92 және АИ-95 бензині бар. Бұған қоса, мұнай өнімдерінің аталған түрлерінің өндірісін қоссақ, онда тапшылық болмайды», - деді министр XV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Дегенмен, оның айтуынша, қазіргі уақытта Ресейде мұнай өнімдері шығынын өтеу үшін көлемнің төмендеуіне байланысты сын-тегеуірін бар.

«Импорттық отынның қымбаттау мүмкіндігіне байланысты тәуекел бар. Ол ішкі нарықтағы бағаға пропорциональды ықпал етеді. Біз әзірше қалыптастырылған қорды ескере отырып, Қазақстан Республикасында өндірілген өнімге арқа сүйейміз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.