16 қар, 2016 сағат 13:41

Биыл Алматы облысында туу көрсеткіші жоғары

Биыл Алматы облысында туу көрсеткіші жоғары. Облыстық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 5200-ден аса сәби дүниеге келді. Олардың басым бөлігі - ұл балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлды болғандардың  бірі - Эльвира Нұғманова. Үш қызынан кейін көптен күткен ұлдары дүниеге келді. Атасы ырымдап немересін Ақберен деп атапты.   «Баланың салмағы 4кг 200 гр. Бойы 56 см. Көп балалы ана атанып жатырмыз. Өте қуаныштымыз», - дейді талдықорғандық Эльвира.

Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта күніне 20-ға жуық әйел босанады. Аталған перзентхана  облыстың 7 ауданы мен 2 қаласына қызмет көрсетеді. Мұндағылар үшін бір сәтке де тыным жоқ. Уақытынан бұрын босану, жоспарсыз жүкті болу сынды жайттар жиілеген. Салдарынан 700 грамм салмақтағы сәбилер дүниеге келіп жатыр.

Сол себепті, әр жүктілікті жоспарлау керек деп, дәрігерлер кеңес береді. Және жылда-жылда жүкті болу ананың да баланың да денсаулығының төмендеуіне әкеледі, дейді Алматы облыстық перинаталдық орталығының директоры Қалихан Жұмашев.  

Сонымен қатар,  көп жағдайда жас аналар босануға дайын болмай келеді екен. Арнайы сабақтарға қатыспайды, салдарынан толғақ кезінде қиналады.

Сондай-ақ соңғы жылдары кесір тілігі арқылы босанатындар саны да күрт көбейді. Себебі өздігінен босануға аналардың ағзалары әлсіз. Бұл өз кезегінде нәзік жандылардың өз денсаулықтарына немқұрайлық танытуынан болып отыр дейді мамандар.  Дегенмен, қазір озық технологиялардың арқасында бала мен ана өмірін сақтап қалуға барлық жағдай қарастырылған.