16 сәу, 2024 сағат 13:42

Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған 25 мектеп ашылады

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі


Бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 738 орынға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде бүгінгі таңда 37 мектеп іске қосылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайдалануға берілді. Көпшілігі ірі мегаполистерде және оларға жақын агломерацияларда орналасқан.


«Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Осы жылы 28 мың оқушы орнына арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарлануда», – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының м.а. Марлен Қасенов.


Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Олар пайдалануға 2025 жылы беріледі деп күтілуде.