ЕАЭО аясында бизнесмендер тап болған кедергілерді жою жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП-дағы Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог алаңында ЕЭК бәсекелестік бойынша Алқа Мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында ойын ережелері өзгерді, яғни бәсекелестік көбейді. Жалпы, жаңа ережелерді білу керек. Қазіргі уақытта Қазақстан өңірлерін аралап жүрмін. Өткен күндері еліміздің бірқатар облыстарында болдық, алдағы күндері басқа да өңірлерге барамыз. Осы орайда бизнесмендер өздерінің ұсыныстарын беріп жатыр. Көбісі сыртқы нарыққа шығудың ойын ережелерін білмейді. Біріншіден, тауардың сапасы болуы шарт. Екіншіден, көбіне көршілес Ресейдің бизнесмендері мен Қазақстан кәсіпкерлері бір салада жұмыс істеп жатыр. Сәйкесінше, бәсекелестік деңгейі айтарлықтай артты», - деді С. Жұманғарин.
Осы орайда ол еліміздің бизнесмендері жаңа технологияларды тартуға, жұмысшылардың біліктілігін арттыруға және өзге де маңызды қадамдарға назар аударуы керектігін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – бизнеске көмектесу. Біраз кедергілер бар және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз. Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда арыз жазу керек. Осы орайда бұл шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз. Бұл тұрғыда жоғары деңгейде талқыланады», - деді Серік Жұманғарин.
Оның атап өтуінше, бүгінде біраз кедергілер шешімін тапты.
Сондай-ақ, ол ЕЭК аясында тексеріліп жатқан істер туралы айтып берді.
«Бізде «қолайлы ереже» институты енгізілген. Бірінші кезекте нормаларды бұзған тарапқа кедергілерді жоюға мүмкіндік береміз. Егер де сол тарап біздің уәжбен келіссе, онда іс қозғалмайды. Ал егер қалыптасқан жағдайды дұрыстамаса, тексеру шаралары жүргізіледі», - деді С. Жұманғарин «Атамекен» ҰКП-да тілшілерге берген сұхбатында.
Осы орайда ол нақты мысалға тоқталды.
«Қазіргі кезде біз бір іс бойынша тексеруді аяқтауға жақындадық. Құлағы нашар еститін балаларға қажетті кохлеарлық аппараттарға қатысты болып отыр. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығына аппараттарды жеткізетін компания нарықты өзара бөліске түсірген. Яғни қазақстандықтың аппаратты Ресейде барып сатып алуға мүмкіндігі жоқ, оны қайтадан Қазақстанға кері қайтарады. Нәтижесінде, құрылғының баға айырмашылығы 2,5 есеге дейін жетеді. Елімізде осы кохлеарлық аппараттар үшін бюджет төлейді. Бүгінде тергеу шараларын аяқтап қалдық. Менің ойымша, аппарат бойынша шектеулерді жойып, бағаны теңестіреміз», - деді Серік Жұманғарин.
Оның атап өтуінше, ел тұрғындары үшін аталған құрылғыларға қолжетімдік арта түседі.
«Екіншіден, осы шаралардың арқасында бюджетке де тиімді болады. Осы тектес тергеу амалдары бізде жүріп жатыр», - деді Серік Жұманғарин.