Елімізде дамыған және инклюзивті экономиканы қалай құруға болады? Ол үшін ең алдымен бизнес саласын дамыту қажет. Дәл осы бағыт мемлекет пен азаматтарды біріктіруге өз үлесін қосады. Осы ретте, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жасалып жатқан шаралар туралы ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев өзінің Facebook парақшасында жазды.
Ведомство өкілі өз сөзінде Мемлекет басшысының жолдауын негізге ала отырып, дамыған және инклюзивті экономика құрудағы шағын және орта бизнестің маңыздылығын атап өтті.
Айта кету керек, инклюзивті экономиканың мақсаты – адамдардың экономикалық тәуелсіздігін және әлеуметтік топтардың өзара қарым-қатынасын кедергісіз қамтамасыз ету.
Бірінші кезекте, шағын және орта кәсіпкерліктің толыққанды дамуы үшін және осы саланы бақылауда ұстау мақсатында мемлекет тарапынан инфрақұрылым дайындау шаралары қабылданды. Мәселен, 1 сәуірден бастап онлайн-табыстау деректерімен бірге онлайн кассалық-бақылау машиналарына толыққанды көшу жұмыстары басталды. Бұған қоса, Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап шағын және орта бизнес субъектілері 3 жыл ішінде табыс салығын төлеуден босатылады.
Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, онлайн-бақылау кассалық машинасын (КБМ) енгізу айналымды заңдастыру мәселесін 100 пайыз шеше алмайды. Көп кәсіпкер оны орнатқанымен, қолдануға келгенде асығыстық танытпай отыр. Бірқатар кәсіп иесі табысы туралы деректерді әлі де жасыруға тырысып келеді, өйткені ҚҚС-ті аз төлегенді дұрыс көреді. Ал кейбір кәсіпкерлер болса, салықты аз төлеу үшін компаниясын бірнеше бөлікке бөліп тастаған. Осылайша, олар салық көлемін азайтып отыр, сол себептен олар көп көлемдегі несие мен дотация ала алмайды.
Қазіргі таңда елімізде 485 мың бақылау-кассалық машинасы (КБМ) тіркелген, оның ішінде онлайн кассалық-бақылау машинасының үлесі 80 пайыз. Жыл соңына дейін тағы 442 мыңдай кәсіпкерге КБМ-ге көшу міндеті тұр. Бұл үшін тіркеу процесі барынша жеңілдетілген. Енді ол автоматтық режимде және бұрынғыдай 3 тәулікке созылмайды, яғни 1 күн ішінде бәрін реттеуге болады.
Инклюзивті экономикаға жетудің екінші қадамы ретінде үшкомпонентті біріктірілген жүйені енгізуді атауға болды. Ол КБМ-дан, pos-терминалдардан және штрих-код сканерін қолдану арқылы тауарларды есепке алуға арналған модульдерден құралады. Аталған жүйе тек тауарды жүзеге асырып қана қоймай, олардың қоймаға түсуіне де көмектеседі. Бұл жүйені қолданбайтын кәсіпкерлер үшін сәуірден бері ҚҚС пен есепке алу және оңайлатылған декларация бойынша шекті табыс ұлғайды.
Ал тұтынушыларды ынталандыру – мақсатқа жетудегі үшінші қадам. Ел азаматтарынан есеп-шоттарды талап ету үшін мемлекет пен бизнес тарапынан материалды бонустар алуға мүмкіндік бере отырып, ынталандыру қажет. Бұл үшін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті бірнеше жыл қатарынан «Есеп-шот талап етіп – ұтыс ұт» республикалық акциясын өткізіп келеді. Биыл аталған іс-шара фискалды деректер операторымен бірге өтіп, онда арнайы қосымшада тіркелген чектермен 100 күн ішінде 100 смартфон ойнатылды. Жақында екінші науқаны іске қосылып, одан қатысушылар телефон теңгерімін (баланс) ұта алады, ал жыл соңында автокөлік ұтысына қатыса алады.
Соңғы маңызды міндет – тәуекелдерді басқару. Ол үшін салықтық бақылау орнату қажет. Осы мақсатта, биылдан бастап субъектіге бағытталған тәсілді қолдануға шешім қабылданды. Оның мәні – салық төлеушілерді санатқа бөле отырып, тәуекел деңгейі төмен субъектілер үшін салықтық бақылау шарасын барынша азайту. Бұл көлеңкелі айналымды заңдастыруға көмектесіп, кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді.