28 ақп, 2023 сағат 18:05

"БҚО - Ақжайық, ШҚО - Алтай". Ұлытау облысының әкімі бірнеше өңір атауын өзгертуді ұсынды

Фото: facebook.com/berik.abdygaliuly

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бірқатар өңір атауын өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Ол бұл туралы "Ұлытау облысының рухани дамуы" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Өңір әкімі Ұлытау облысын алғашында Орталық Қазақстан облысы деп атау туралы туралы ұсыныстар да болғанын айтты.

"Былтыр ғана ашылған облысымыздың Ұлытау болып аталуы елге ерекше рух, қуат берді. Біреу білсе, біреу білмейді. Жалпы облыстың атын бұрын Орталық Қазақстан облысы деп атайық деген де ұсыныстар болған. Бірақ осы жолы шешім қабылданған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытау облысы деген әділетті, тарихи шешім қабылдады. Тек Ұлытау емес, Жетісу облысы да, Абай облысы да сондай қазақтың ұлы, қасиетті жерлеріне, ұлы тұлғаларына арналады. Бұл да - рухтандыратын іс-шара. Осы үрдісті бізге міндетті түрде жалғастыру керек деп есептеймін. Өйткені кеңес кезінде әкімшілік атпен қойылатын дәстүр болған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін мұндай облыстар бар. Соларды да қазақтың мыңжылдық тарихы бар, қасиетті, киелі жердің ұғымымен беру жалғасады деп есептеймін. Дәл солай Батыс Қазақстан облысы Ақжайық облысы болып аталса, Шығыс Қазақстан облысы Алтай облысы болып аталса, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар облысы, Павлодар облысы Баянауыл болып аталса, әр жерде бәріне рух береді", - деді ол.

Айта кетейік, Ұлытау облысы былтыр 8 маусымда құрылған еді. Әкімшілік орталығы - Жезқазған қаласы.