19 нау, 2026 сағат 13:57

БҚО-да әкім мас күйінде көлік тізгіндеді: полиция түсініктеме берді


Фото: canva.com


Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейноллин мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Бұл дерек өңірлік полиция департаменті арқылы ресми расталды, деп хабарлайды Ult.kz.


“Уральская неделя” басылымының хабарлауынша, әкімді 12 наурызға қараған түні полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде ұстаған. Әкім бастапқыда өзін науқас деп көрсетіп, аурухана төсегінде жатқанын айтып, “Дорожный контроль” блогерінің қоңырауына жауап бергісі келмеген. Дегенмен, кейін мас күйінде көлік жүргізгенін мойындаған.


БҚО полициясы хабарлағандай, Ақжайық ауданы Чапаево ауылы маңында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері әкімді жол ережесін бұзған күйінде ұстаған. Қазіргі уақытта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалып, материалдар сотқа жолданды.


Айта кетейік, мас күйінде көлік жүргізу 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуға және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады. Бұған дейін Петропавлда полиция командирі жүргізуші куәлігінен айырылғандарға жеңілдік жасаған дерек те тіркелген болатын.