19 нау, 2026 сағат 11:15

«Ұлдарым ұрып-соғады»: Жетісудағы оқиға тағы да дабыл қақты


Фото: ашық дереккөз


Жетісу облысы тұрғыны туған ұлдарынан жәбір көріп жүргенін айтып, көпшілікке үндеу жасады. 62 жастағы ер адамның айтуынша, ол бірнеше жылдан бері өз балаларының қысымына ұшырап келген, деп хабарлайды Ult.kz.


Жәбірленушінің видеосын жергілікті блогер Әділ Бейсенбаев Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған. Бейнежазбада ер адам Ақсу ауданының тұрғыны екенін айтып, екі ұлының өзіне үнемі қысым көрсететінін жеткізеді.


Оның сөзінше, бұған дейін де бірнеше рет шағым түсірген. Алайда ұлдары қысқа мерзімге қамауға алынып, кейін қайта босатылып отырған. Соның салдарынан жанжал қайта жалғасқанын айтады.


Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жәбірленушінің ағасы бір жолы оны қорғауға тырысқан. Алайда жанжал кезінде пышақ жарақатын алғаны айтылуда. Бұл оқиға Жансүгіров ауылы аумағында болған.


Полицияның мәліметінше, 12 ақпанда Ақсу ауданының 62 жастағы тұрғынының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталған.

Сот шешімімен екеуі де кінәлі деп танылып, қамауға алу жазасы тағайындалған. Сонымен қатар оларға жәбірленушіге жақындауға тыйым салу сияқты арнайы талаптар да белгіленген. Қазіргі уақытта іс полицияның бақылауында.


Соңғы уақытта ел өңірлерінде ата-анаға қол көтеру деректері жиілеп бара жатқаны қоғамды алаңдатпай қоймайды. Бұл жағдай да отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.