24 ақп, 2023 сағат 12:15

БҚО-дағы төтенше жағдай: қаза болғандар туралы неге бірден хабарланбады?

Фото: ҚР ТЖМ

ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апатынан кейін неге алғашында бәрі аман қалғаны мәлімделгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Оның айтуынша, оқиға орнында байланыс нашар болған және интернет болмаған.

"Диспетчер тірі қалған қызметкерімізге қоңырау шала алмады, оқиға орнында байланыс өте нашар болды, интернет жоқ еді, телефон байланысы да нашар болды. Сондықтан диспетчерлер қоңырау шалған кезде аман қалған қызметкеріміз "тірімін" не "тіріміз" деп, телефон байланысы үзіліп қалған", - деп түсіндірді ол брифинг барысында.

Иманқұловтың сөзінше, барлық дерек нақтыланған кезде ғана қызметкерлер қаза тапқаны расталған.

"Қызметкерлеріміз игі іспен айналысты, адамдарды құтқаруға және денелерді шығарып алуға қатысты. Дәл сол кезде қызметкерлеріміз осындай оқиға болуы мүмкін екеніне дайын емес еді", - деп жауап берді ол.

Еске салайық, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино елдімекенінен 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқару" АҚ-тың 2021 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болған. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.

МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын тексерген.