14 сәу, 2026 сағат 16:00

Блогерлерге қысым күшейді: Қазақстанда 854 адамға 72 млрд теңге бойынша шағым түсті

Фото: egemen.kz

Қазақстанда блогерлерге қатысты салықтық тексерулер күшейіп жатыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, тексерулер басталғалы бері салық органдары 854 блогерге табысты төмендетіп көрсету фактілері бойынша 72 миллиард теңгеге қатысты 1 586 хабарлама жолдаған.

Қазіргі таңда олардың 622-сі қосымша салық декларациясын тапсырып, табыстарын 18,3 миллиард теңгеге арттырған. Нәтижесінде бюджетке қосымша 1 миллиард теңгеге жуық салық төленген. Сонымен қатар, тағы шамамен 600 миллион теңге төлеу міндеттелген.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі уақытта 7 блогерге қатысты тексеру жалғасып жатыр. Оларға қосымша есептелген салық көлемі 10 миллион теңгеден асады.

«Егер тексеру нәтижесінде анықталған сомалар ерікті түрде төленбесе және көлемі айтарлықтай болса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады», – деді Біржанов Үкіметтегі брифингте.


Шенеунік салық құпиясына байланысты нақты есімдерді атаудан бас тартты.

Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында да қазақстандық блогерлерге жаппай салықтық хабарламалар жіберілген болатын. Сол кезде 594 адам табысын 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткені анықталған.