14 сәу, 2026 сағат 12:15

Сабақ үстінде карта ойнаған оқушылар: мұғалім қызметінен кетті


Фото: Видеодан скрин


Түркістан облысында мектеп оқушыларының сабақ үстінде карта ойнауы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға Сарыағаш ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте болған, деп хабарлайды Ult.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.


Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 11-сынып оқушылары сабақ барысында топтасып, карта ойнаған. Сол уақытта сыныпта шу болып, тәртіп бұзылған. Дегенмен мұғалім тарапынан ескерту жасалмағаны, педагогтың телефонмен сөйлесіп отырғаны айтылды.


Оқиғаға байланысты оқушылардың ата-аналарына ескерту берілген. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі өз еркімен қызметінен кеткен. Оның білім беру саласындағы еңбек өтілі 13 жылды құрайды.


Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталған жағдай білім беру талаптарына қайшы. Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қорытындысына сәйкес жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті тәртіптік шаралар қабылданады.


Сонымен қатар мектеп басшылығына қатысты да шешім шығуы мүмкін екені айтылды.