14 мам, 2023 сағат 19:57

Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстан қоржынына үшінші "алтын" түсті

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық былғары қолғап шебері, ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында алтын жүлде иеленді.

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен жұдырықтасып, қарсыласынан бірінші және үшінші раундта басым түсті. Сөйтіп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңімпаз деп танылды.

Енді Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір отандасымыз - Нұрбек Оралбай (80 кг) алтын медаль үшін таласады.

Айта кетейік, бүгін 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған қазақстандық Махмұд Сабырхан өзбекстандық Ойбек Джураевпен шаршы алаңға шығып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. "Қазақтың Ломаченкосы" деген лақапатқа ие дарынды боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға да жіберді.

Сондай-ақ бұған дейін финалда грузиялық боксшымен қолғап түйістірген Санжар Тәшкенбай ел қоржынына алғашқы "алтынды" салған еді. Ал 67 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Дулат Бекбауов өзбек боксшысы Асадхудж Муйдинхуджаевтен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.

видео: Qazaqstan ұлттық арнасы