10 қыр, 2019 сағат 13:24

Божко: Ешкімді ренжіткім келген жоқ, бірақ масылдыққа қарсымын

Қазақстан мәжілісінің депутаты Владимир Божко Азаттық тілшісіне "халық мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек" деген сөзі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжіліс отырысынан шыққан Божко "Ешкімді ренжіткім келген жоқ. бірақ масылдыққа қарсымын. Осыны айтқым келген" деді.

"Желіде Божко мырза айтқан сөзі үшін халықтан кешірім сұрауы керек деген пікір айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?" деген сауалға ол "тағы қайталап айтамын, масылдыққа қарсымын. Сондықтан солай айттым" деп жауап берді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко 3 қыркүйекте Қазақстан халықтары ассамблеясының отырысынан кейін жергілікті Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында "Биліктің не істеп жатқанын көріп, түсіну керек. Үш жылдың ішінде әлеуметтік көмек 17 есе өскен. Осыдан-ақ түсінуге болады. Осы үшін мемлекетке тізерлеп, алғыс айту керек. Адам жұмыс істемейді, кейін "бұған бәрін бер" деп шыға келеді. Ондай адамды "стойлоға" (мал қорадағы орын - ред.) қоятын қоғам пікірі болу керек" деген.

Бұл пікірі желіде сынға ұшырап, жұрт "депутаттан кешірім сұрауды талап еткен".