28 ақп, 2023 сағат 12:38

БҰҰ: Украинадағы соғыста өлген бейбіт адам саны 8 мыңнан асты

Украинадағы соғыста өлген бейбіт адам саны сегіз мыңнан асқан. Бұл ақпарат Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының ақпандағы баяндамасында айтылған. Мұны "Би-би-сидің" Орыс қызметі хабарлады.

"21 580 адам әртүрлі жағдайда хабар-ошарсыз кеткен, оның 8101-і өлген. Өлгендердің ішінде 2127 әйел мен 488 бала бар" деп жазылған баяндамада.

"Көпшілігі әуе соққылары кезінде, үлкен аумаққа жайылатын жарылғыш заттардан, ауыр артиллериямен атқылаудан, дүркіндетіп ататын, жаппай қырып-жоятын реактив жүйе зымырандары түскеннен қаза тапқан" деп хабарлайды "Би-би-си".

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары басқармасы Украинадағы бейбіт адамдар ахуалы туралы айына бір рет баяндама жасайды. Оның әрбірінде сөз "өлгені нақты құжатқа түскен адамдар туралы" екені айтылады. Бейбіт адамдар арасында өлгендер бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені толассыз ұрыс жүріп жатқан елді мекендерден (Мариуполь, Северодонецк, Лисичанск, Соледар және Бахмут) толық ақпарат алу мүмкін емес.

Украинадағы соғыста Ресей әскерилері бейбіт адамдарды жаппай өлтіргені бірнеше рет анықталған. 2022 жылғы наурызда Укрина әскері азат еткен Буча және Ирпень қалаларында 700-ден астам бейбіт адамның мәйіті табылған. Сол айда Ресей Мариуполь драма театрын бомбалап, сонда паналап отырған 300-ден астам адам өлген. Ресей Краматорск вокзалын зымыранмен атқанда, 50 адам, Часов Яр қаласындағы көпқабатты үйді атқылағанда, 48 адам, Днепрдегі тұрғын үйді атқылағанда, 40-тан астам адам өлген.

Азаттық