Фото Depositphotos.com
Қытайлық автоөндіруші BYD өзінің тарихындағы ең ауқымды кері шақырту науқанын жариялады — 2015 жылдан 2022 жылға дейін шығарылған Tang және Yuan Pro сериясындағы 115 мыңнан астам көлік сервистік тексеріске жіберіледі. Бұл туралы 17 қазанда Қытайдың Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы хабарлады.
2015–2017 жылдары шығарылған BYD Tang көліктерінің бір бөлігінде электрқозғалтқышты басқаратын электронды блоктағы ақау анықталған. Сирек жағдайларда контроллер зарядты дұрыс таратпай, басқару тақшасы қызып кетуі мүмкін. Соның салдарынан көлік электр режимінде қозғалу мүмкіндігін жоғалтады. Бұл тәуекелдің алдын алу үшін BYD бағдарламалық жасақтаманы жаңартуды жоспарлап отыр — енді жүйе аккумуляторды қауіпсіз тәсілмен, тікелей электромотор арқылы разрядтайтын болады.
2021–2022 жылдары шығарылған Yuan Pro модельдерінде аккумулятор блогының тығыздағыштары кейде дұрыс орнатылмағаны белгілі болды. Соның салдарынан герметикалық жабылу деңгейі төмендеуі мүмкін. Егер көлік ұзақ уақыт бойы судан жоғары жылдамдықпен өтсе, аккумулятор ішіне ылғал ену қаупі бар, бұл қуаттың төмендеуіне және электржүйенің істен шығуына әкеледі.
Мұндай көліктерде өндіруші аккумулятор қорабын қосымша герметикпен нығайтып, су өткізбеу қорғанысын қалпына келтіреді.
Бұған дейін BYD отқа тұтану қаупіне байланысты Fangchengbao Bao 5 гибридті жол талғамайтын көліктерінің 6843 данасын, сондай-ақ рульдік басқару блогындағы ақауға байланысты Dolphin және Yuan Plus үлгісіндегі шамамен 97 мың электромобильді кері шақырған болатын.
