08 там, 2017 сағат 07:45

БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы қорынан жоғалған қаражатты 2032 жылы қайтарады - КТК

Қазақстандықтардың 71 миллиард теңге көлеміндегі зейнетақы жинағы салымшылардың есепшотына 2032 жылы бірақ түседі. БЖЗҚ басшылығы Әзірбайжанның Халықаралық банкіне аударылған қаражаттың қалай қайтарылатынын айтып берді. Алайда әлі де құрдымға кетіп жатқан компаниялардың құнды қағаздарына инвестицияланған 40 миллиард теңге келмеске кетуі мүмкін деген қатер сақталып отыр, - деп хабарлайды КТК

Телеарнша мәліметінше, БЖЗҚ жетекшісі Нұрбүбі Наурызбаева қор жұмысының қорытындысы жайлы жағымды сипатта баяндаған. Бірінші жартыжылдықтағы табыс шамамен 206 миллиардқа жеткен. 

"5 эмитент банкрот болған. Енді олардан әрине ештеңе түспейді. Олардың жалпы берешегі 15 миллиард теңгедей. Банкрот болған компанияларды өзіңіз білесіз, олар заң бойынша жаңағы компанияның өзінде бар активтері сол жеткенінше төленеді. Қазір әлі бұл компаниялар аяғына дейін жабылған жоқ. Банкроттық процедура жүріп жатыр", - деді "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева. 

Ал қалған компаниялардағы миллиардтарды сот арқылы қайтарып алмақ. Бұл проблемалық активтер жеке зейнетақы қорларынан мұра ретінде қалған. Тақырға отырған Әзірбайжан банкіндегі 71 миллиард та әзір қайтпайды. Бұл елдің билігі берешекті мойнына алғанымен, оны өтеу мерзімі 2032 жылға дейін созылмақ. Ал қарыздың құрылымын қайта қарау қыркүйекте аяқталады. Биыл зейнетақы қоры өз ішіндегі шығындарды да едәуір қысқартыпты.

"Қордың 2017 жылғы шығындары 12 миллиард теңгеге қысқартылды. Бұл 28 жарым пайыз. Мысалы еңбекақы төлеу шығындары қысқартылды. Олар 23 пайызға қысқартылды. Миллиард, 400 миллион теңгеге. Және де, мына іссапарға байланысты шығындар қысқартылып отыр 36 пайызға", - деді Нұрбүбі Наурызбаева (КТК).

Еске салайық, Қазақстан үш жыл бұрын тақырға отырған Әзірбайжан Халықаралық бакінің құнды қағаздарына 250 миллион доллар салған болатын. Ал бұдан кейін Әзірбайжанның адвокаттар алқасының мүшесі Акрам Гасанов Әзірбайжанның бұл қаражатты Қазақстанға қайтаратынын айтқан еді.

kaz.tengrinews.kz