21 шіл, 2025 сағат 09:14

Қазақстандықтар қандай препараттарды жиі сатып алады?

Фото: Doridarmon.ru

Қазақстанда дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау мен қадағалау жүйесінің енгізілуі фармацевтикалық нарықты ашық әрі қауіпсіз етуге жол ашты. Енді әрбір дәрі қаптамасының өндірістен бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысы нақты бақылауда болады. Бұл тұтынушылар үшін қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, халықтың қандай дәрілерді, қашан және қаншалықты мөлшерде сатып алатыны жөнінде толық талдау жасауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа жүйенің арқасында бір жылдың ішінде 417 миллионнан астам дәрі қаптамасы таңбаланған. Бұл — отандық дәрі-дәрмек нарығының 60%-дан астамын қамтиды. Оның 252 миллионы — шетелден әкелінген, ал 165 миллионы — Қазақстанда өндірілген препараттар.

Сатылым көлемі бойынша парацетамол көш бастап тұр: елімізде бір жылда шамамен 3 миллион қаптама сатылған. Сондай-ақ, натрий хлориді, этил спирті, ацетилсалицил қышқылы және Цитрамон П сынды дәрілер де жоғары сұранысқа ие болған.

Tañba бірыңғай ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйенсек, дәрі-дәрмекке деген сұраныс аптаның ортасында артады. Қазақстандықтар дәріні көбіне сейсенбі мен сәрсенбіде сатып алады. Ал демалыс күндері, әсіресе жексенбіде, сатылым ең төмен деңгейге түседі. Бұл цикл аптаның басынан бастап қайталанып отырады.

Аймақтар бойынша ең көп таңбаланған дәрі-дәрмек Алматы қаласында сатылған — 14,1 миллион қаптама. Одан кейін Қарағанды облысы (9,2 млн), Шымкент (4,9 млн) және елорда (4,1 млн) тұр.

Мамандардың айтуынша, әрбір дәрі қаптамасында арнайы Data Matrix коды болады. Бұл код арқылы өнімнің түпнұсқалығы расталып, жалған немесе контрафактілік тауардың нарыққа енуіне жол берілмейді.