27 ақп, 2023 сағат 17:35

Darkhan Juzz-дің жары әнші туралы естелігін жариялады

Фото: instagram.com/sama_02_04

Таиландта жол апатынан қаза тапқан қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбековтың жұбайы әлеуметтік желіде жазба жариялап, әсерлі естелігін бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Дарханның қандай музыкант болғанын бәрі біледі. Бірақ оның қандай тамаша күйеу, қамқор әке және жанашыр бала болғанын білетіндер аз. Біз үйленбей тұрған кезде ол «Мен сенің күйеуің әрі досың боламын, керек болса, аға мен әкенің қамқорлығын таныта аламын» деген еді. Сол кезде оның не айтқысы келгенін түсінбеппін. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін бәрін көрдім, түсіндім.

Ол бірге түскен суретімізді желіге салма, тіл-көз тиеді дейтін еді, тіпті, суретке түсерде менің де, балаларымыздың да маңдайына күйе жағып қоятын. Ол мені Бөртем, Күн мен Айым дейтін. Мен үшін ол Алтын болды. Мені алғаусыз еркелететін, ал жүкті кезімде қорбаңдап оны айналып жүретінмін, концертке кеткен кезде ұйықтамай күтіп отыратын едім», - деп еске алады музыканттың жұбайы.

Ол күйеуінің әрқашан шығармашылық жоспарларын айтып, әндерін алғаш өзіне тыңдатқанын айтады.

«Сенің айтқан әр сөзің жадымда сақталып қалмақ. Соңғы рет «Кешір, уақытты бірге өткіземіз деп уәде беріп едім, бірақ үлгере алмадым, мен студиядамын, еш үлгере алмай жатырмын, жұмыс көп, қолым тигенде міндетті түрде сендерге уақыт бөлемін» деген едің. Биылға қанша жоспар құрып, өз ісіңнен бақытқа бөленіп жүрген едің. Сенің сол жаққа бармауың керек еді. Жоспардан тыс, аяқасты кеттің. Ешқашан өтірік айтпадың. «Мені бәрі осы қалпымда қабылдасын» дейтінсің. Сенің әрқашан өз аудиторияң болады. Сен менің жауынгерімсің... Жаным. Алтыным», - деп жазды ол.

Айта кетейік, алдағы уақытта рэп-орындаушының аяқталмай қалған альбомы жарық көрмек. Оның барлық әнінің құқығы ұлы Әди мен қызы Айданаға тиесілі болады.

Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Darkhan Juzz деген атпен танымал болған әнші, музыкант Дархан Жүнісбеков Таиландта жол апатынан қаза тапқан еді. ҚР СІМ отандасымыздың денесі ертең Пхукет – Алматы әуе рейсі арқылы Қазақстанға жеткізілетінін мәлімдеді.