06 жел, 2023 сағат 14:29

Депутаттар бизнесті тексеруге мораторийді ұзартуды ұсынды

© Photo: Рixabay

"Ақ жол" партиясы фракциясының депутаттары кәсіпкерлерді тексеруге мораторийді тағы бір жылға ұзартуды және оған орта бизнесті қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты Асқар Садықов 2019 жылы микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий жарияланғанын, кейін ол тағы бір жылға ұзартылғанын еске салды. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде және карантиннен кейінгі кезеңде мораторий кәсіпкерлерге елеулі көмек болды.

"Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, егер 2019 жылы шағын және микробизнеске 128 мыңнан астам рет тексеріс жасалса, 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарған. Осылайша мораторийдің енгізілуі мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көрсетілген тиімді шаралардың бірі болды", - деді Садықов Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Осы орайда мәжілісмен Президент Үкіметтен орта бизнесті қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылдауды бірнеше рет талап еткенін атап өтті.

Садықовтың ақпаратынша, ШОБ субъектілерінің небәрі 0,2 процентін құрайтын орта кәсіпкерлік осы саладағы өндірістің 20 пайызын қалыптастырып отыр. Алайда мемлекеттік қолдау шараларының барлығы, тіпті мораторийдің өзі шағын және микробизнеске бағытталған.

"Орта бизнесті қолдау үшін ештеңе жоқ. Сол себепті табысты шағын кәсіпорындар орта бизнеске өткісі де келмейді", - дейді депутат.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары кәсіпкерлерді тексеруге мораторийді 2024 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынды.

Сондай-ақ олар мораторийді орта кәсіпорындарға да қолдануды орынды деп санайды.

Естеріңізге сала кетейік, шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылғы қаңтарда жарияланған болатын. Бастапқыда мораторий үш жылға жоспарланды. Алайда Президенттің жарлығымен ол 2023 жылдың соңына дейін созылды.