Фото: threads.com/@anondron
Алматы облысы аумағында 26 жастағы жігіттің күмәнді өлімі қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, марқұмды өз танысы ақша дауына байланысты аяусыз соққыға жыққан болуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайғылы оқиға Боралдай кенті аумағында болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол досымен бірге шағын кәсіп жүргізіп, табысты тең бөлісіп келген. Алайда соңғы күні 70 мың теңге төңірегінде келіспеушілік туындап, соңы жанжалға ұласқан.
Туыстарының нұсқасы бойынша, оқиға 10 мамыр күні “Эдельвейс” кафесінде болған. Сол аралықта жігіт ауыр соққыға жығылған. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылғанымен, ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.
Алдын ала деректерге сәйкес, марқұм ауыр дене жарақатын алған. Туыстары оның қатты қан жоғалтқанын және басынан соққы алғанын айтады. Сондай-ақ олар оқиға орнында бірнеше адамның болғанын, бірақ олардың әрекетсіз қалғанын алға тартты.
Марқұмның жақындары күдіктілер оқиға ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, жәбірленуші алдымен басқа жерге жеткізіліп, тек содан кейін жедел жәрдем шақырылған.
Аталған жайт бойынша Алматы облысы полиция департаменті соталды тергеу басталғанын хабарлады. Ведомство өкілдері барлық нұсқалар тексеріліп жатқанын және қажетті сараптамалар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс облыстық департамент басшылығының бақылауына алынған.
