15 мам, 2026 сағат 15:32

Пойыздағы жолаушы ірі көлемде алкоголь алып өтпек болған


Фото: rail-news.kz


Маңғыстау облысында шетелдік әйел кедендік шекарадан ірі көлемде алкоголь өнімін заңсыз өткізбек болған, деп хабарлайды Ult.kz.


Бейнеу ауданы аудандық сотында қаралған іс материалдарына сәйкес, шетелдік Ю. есімді азаматша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынан 84 литр алкогольді заң талаптарын бұза отырып алып өтпек болған.

Оқиға 20 сәуір күні Бейнеу станциясындағы шекаралық бақылау кезінде анықталған. Әйел №329 Душанбе – Волгоград бағытындағы жолаушылар пойызының 4-вагонында болған.


Сот дерегінше, ол ЕАЭО мен Қазақстанның кеден заңнамасында белгіленген шектеулерді сақтамай, ірі көлемдегі алкоголь өнімін жасырын түрде алып өтпек болған. Оның кінәсі түсініктемелерімен, әкімшілік хаттамамен және іс материалдарымен дәлелденді.


Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының кінәсін мойындап, өкінгенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.


Нәтижесінде, әйел ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабы бойынша кінәлі деп танылып, тәркілеумен бірге 64 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.