15 мам, 2026 сағат 15:20

Қарағанды облысындағы алаяқтық схемаға қатысты тың деректер жарияланды



«Qarmet» АҚ-ның ішкі аудит қызметі Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, кәсіпорынға темірқұрамды шикізат жеткізуге байланысты алаяқтық схеманың жолын кесті. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын шамамен 190 млн теңгені құрады.


2025 жылғы 6 қаңтарда металлургиялық комбинат пен мердігер ұйым арасында темірқұрамды шикізатты қазу, тасымалдау, өңдеу, сұрыптау және тиеу бойынша келісімшарт жасалған.


Тексеру барысында анықталғандай, шикізат жеткізуші өкілдері комбинаттың жекелеген қызметкерлерімен сөз байласып, жеткізілетін өнімдегі темір құрамының көрсеткіштерін жасанды түрде жоғарылатып отырған. Соның нәтижесінде мердігердің өнімі тұрақты түрде 50%-дан жоғары темір құрамын көрсетіп, кәсіпорын талаптарына сай деп танылған. Ал басқа жеткізушілердің шикізаты зертханалық талдауларға сәйкес белгіленген талаптардан өтпеген.


Сондай-ақ, бұл схеманың зертханалық зерттеу нәтижелеріне қолмен араласу арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды. Нәтижесінде бір мердігер шикізат жеткізуде артықшылыққа ие болып, іс жүзінде комбинаттың монополиялық жеткізушісіне айналған.


Осы ретте Qarmet шикізатты жоғары сапалы өнім ретінде төлегенімен, іс жүзінде оның сипаттамалары мәлімделген талаптарға сәйкес келмеген және қажетті өндірістік нәтиже бермеген.


Жедел іс-шаралар барысында Теміртау қаласының 13 тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде ірі көлемдегі ақша қаражаты мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.


Компания өкілдерінің айтуынша, бұл схеманың әшкереленуі Qarmet пен құқық қорғау органдарының өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұрлықтың алдын алу және кәсіпорынның тұрақты жұмысын сақтау бағытындағы бірлескен жұмысының нәтижесі.


«Біз сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа және кәсіпорын есебінен заңсыз баю әрекеттеріне мүлде төзбеушілік қағидатын ұстанамыз. Мұны бірнеше рет айттық. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттерге өз қызметкерлеріміз де қатысқан жағдайда, фактілерді анықтау біршама уақыт алады. Дегенмен, Qarmet келгеннен бері ешкімге артықшылық болмайды – әрбір қылмыс ерте ме, кеш пе жазасын алады», – деді «Qarmet» АҚ экономикалық қауіпсіздік жөніндегі директоры Шоқан Зекенов.



Компанияда атап өткендей, бұл кәсіпорын маңындағы қылмыстық схемалардың жолын кескен алғашқы жағдай емес. Бұған дейін ІІМ Qarmet нысандарында ұрлық жасаумен және өзге де ауыр қылмыстармен айналысқан бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топтың жойылғанын хабарлаған.


Компанияның алғашқы жұмыс жылында 40 адамнан тұратын, металл өнімдерін ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.


2024 жылдың тамыз айында өңірдегі криминогендік жағдайға және компания қызметіне ықпал еткен тағы бір қылмыстық топтың жетекшісі мен 27 мүшесі ұсталды.


Қыркүйекте шахталардың бірінің өкілі жұмысқа орналасуға үміткерлерден тұрақты түрде заңсыз ақша алып отырғаны үшін сотталды.


Сол жылдың желтоқсанында Қарағанды облысының Абай ауданында Qarmet шахтерлерінен ақша бопсалаумен айналысқан топ әшкереленді.


2024 жылы ІІМ, ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметі Бас прокуратураның үйлестіруімен металлургиялық комбинаттың аса ірі көлемдегі қаражатын жымқыру схемасын да тоқтатты. Бұл эпизод бойынша шығын 1,5 млрд теңгеден асқан.


2025 жылы компанияның экономикалық қауіпсіздік қызметі Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, шахтерлерден күш қолдану қаупімен жүйелі түрде ақша бопсалаған 5 адамнан тұратын топтың әрекетін тоқтатты.


Qarmet алдағы уақытта да ішкі бақылауды күшейтіп, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды арттыруды және өндірістік аумақта ұрлық, сыбайлас жемқорлық пен өзге де заңсыз әрекеттердің алдын алуды жалғастырады.